МТРА жаңалықтары

Қоқыс өртеу зиянды

 

 

Көше мен аулаларды қыстан шыққан қалдықтардан арылтудың маңызы зор. Бірақ сол тазалық шаралары тәртіпке сай жүргізілуі керек. Кейде жиналған қоқыс қаланың басқа аудандарына төгіліп жатады, ал көптеген тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды аулаларында өртейді.

Ырысты Мұқанжарова:
-Жағу керек қой. Қоқысты қашан тасып бітіресің.

Әрине, бұл жеңіл әдіс. Бірақ қоқысты өртеп, тазалық сақтаймын дегендер өз денсаулығын ғана емес, айналадағыларды да улап жатқанын түсіне қоймайды.

Людмила Дроздецкая:
Қара түтін пәтерге еніп кетеді. Күн жылыса да  терезелерді аша алмай отырмыз. Әсіресе сенбіліктер жүріп жатқанда дем алу мүмкін емес.


Мамандардың айтуынша, жанған қалдықтардан ауаға адам ағзасына зиянды диоксин қышқылы бөлінеді екен.

Мұхтар Смағұлов, Есіл экологиялық департаментінің СҚОФ инспекторы:
-Осылайша ауаның ластануы, біріншіден, сәбилердің денсаулығына нұқсан келтіреді.
Жас иммунитет онымен күресуге дайын емес. Улы зат сондай-ақ онкологиялық, түрлі қоздырғыш аурулардың ошағы. Жүрек қан тамырлары мен демікпе кеселіне шалдыққандарға тіпті қауіпті.

«Сақтансаң сау боласың» деген қағиданы ұстанатын экологтар қоқысты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығару қажеттігін  ескертеді. Бұған бағынғысы келмейтіндер айып төлеуге мәжбүр болады.

Мұхтар Смағұлов, Есіл экологиялық департаментінің СҚОФ инспекторы:
Экологиялық кодекстің 249-шы бабына сәйкес атмосфераны ластаған жеке тұлғаларға 4 мың теңге, ал заңды тұлғалар мен жеке іс иелеріне 160 мың теңгеге дейін айып салуға құқылымыз.