МТРА жаңалықтары

Мерейтойлық медальдар тапсырылды.

 

 Соғыс жылдары майданды азық-түлік және қару-жарақпен тылда қалған кәрі-құртаңдар, әйелдер мен жасөспірімдер қамтамасыз етті.  Сондықтан бүгінде соғыс ардагерлерімен қатар тыл еңбеккерлеріне де құрмет көрсетілуде. Петропавл құрылыс-экономика колледжінің ұжымы жеңісті жақындатқан осындай адамдарға арнап кеш өткізді. Жиынға 20 -ға жуық тыл еңбеккері келді. Ұлы Жеңіске жету үшін қанша қан мен тер төгілгені туралы айтылғанда соғыс балалары көздеріне жас алды. Бүгінгі қария Ескендір Нұрымов қантөгіс уақытында 9 жаста ғана еді. Балалық шақтың қызығын көрмей, ол Мағжан Жұмабаев ауданының Чапаев ауылында ересектерімен бірге егістікте еңбек етті. Жинаған азықтың барлығын майданға жіберетінбіз деп еске алады Ескендір Хасенұлы.

Ескендір Нұрымов, тыл еңбеккері:
-Ашаршылыққа тап болдық. Біз, балалар, масақтарды жинап, үйге алып келетінбіз. Аналарымыз оларды кептіріп, бастырады.Қол диірменге салып, үгеді. Одан аз ғана нан шығатын.

Ескендір Нұрымов алғашқы медаліне 1946 жылы ие болды. Сол жылы ол 14 жаста ғана болатын. Бүгін 6-шы рет мемлекеттік марапатқа ие болып отыр. Жалпы бұл білім ошағында Жеңіс мерекесі қарсаңында 112 ардагер мен тыл еңбеккеріне мерейтойлық медальдар табыс етілді.