МТРА жаңалықтары

Достық пен келісім мұражайы

 

№17 ұлттық өркендеу мектебі көпұлтты Республикамыздың шағын үлгісі іспетті. Онда 180-ге жуық оқушы 11 ұлттық бөлімде білім алуда.   Дәл осы жасөспірімдердің арқасында оқу ордасында “Достық және келісім” мұражайы жабдықталды.

Күлмән Исанова, №17 ұлттық өркендеу мектебі оқу ісінің меңгерушісі:
-Бізге облыс әкімі Серік Біләлов келгенде сұраған еді, мына экспонаттар үшін не керек деп.
Сонда мұражай керек дегенбіз. Бүгін сол мұражай ашылып отыр. Ол мектебіміздегі ұлттардың мызғымас достығын білдіреді.


Ел бірлігі мен татулығының нышанына айналған №17 мектептің өткені мен болашағына көз жүгіртуге мүмкіндік беретін мұражаймен алдымен облыстағы ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері танысты.
Әр ұлттық бөлімге арнайы орын берілген. Онда тарих пен мәдениет астасып жатыр. Мәселен, қазақтардың бесігі мен сандығы, еврейлердің бас киімі, корейлердің музыкалық аспаптары қойылған.

Сағындық Салмұрзин, “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрағасы:
-Мұражайдың ашылуы барлығымызға үлгі боларлықтай.
Мұнда 100 ұлттың татулығы көрсетілген. Алдағы уақытта бұл мұражай үлкейеді деп сенемін. Сонымен қатар, Достық үйінде де ашылады деп ойлаймын.


“Бірлік бар жерде тірлік бар” деген қағиданы ұстанған  мектеп жастарының барлығы мұражайдың құрылуына   атсалысқан. Олар өз қолдарындағы ұлттық нақыштағы заттарды мұражайға өткізіпті.

 

Оқушылар:
-Бұл мұражайда барлық ұлттың өкілдері жиналатын болады. Өзіміз әкелген жәдігерлер арқылы салт-дәстүрімізді, тарихымызды танитын болдық.
-Біздің мектебімізде мұражайдың ашылғаны өте жақсы болды.
Мен оған жиі барып тұруға тырысамын. Әрі онда достарымды қонаққа шақырамын.
Мұражай оқушылардың өмірінде үлкен роль атқарады. Оның арқасында біз өз мәдениетімізді тереңірек ұғынып, өзге ұлттарды танимыз. Мұражайдағы жәдіргерлерді өзіміз жинадық.


Халық бірлігі мерекесі қарсаңында ашылған мұражайдың мектеп өмірінде алар орны ерекше болмақ. Онда тек экскурсиялар ғана емес, дөңгелек үстел, конференция, семинарлар өткізіліп, ғылыми жобалар жазылады деп жоспарланған.