МТРА жаңалықтары

Әскери рөлдік ойындар

 

Шағын әскери қалашықтың тұрғындары –  оқушылар. Алайда бүгін олар ойын қуып жүрген бейбіт күннің жеткіншектері емес, майдан даласындағы солдаттар. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері ұйымдастырған “Олар Отан үшін шайқасты” атты әскери рөлдік ойындар майдан оқиғаларын  еске түсірді.   

Гүлмира Жолымбетова, облыстық мұражай қызметкері:

-Бұл шара Ұлы Отан соғысына қатысқан солдаттардың рухына бағытталады. Оқушылар өздеріне тың мәліметтер алады, патриоттық сезімдері оянады.

Бірінші лицейдің 5 сыныбында оқитын 16 оқушы бүгін майдан даласында Отанымызды жаудан қорғаған жерлестеріміздің бір күндік өмірін бастан кешуде. 41-ші  және 45-ші бөлімше солдаттары мина көмілген қауіпті жерден өтті.
Жараланған сарбаздарға әскери медбибілер алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ойын барысында балғындар өте ширақ қимылдап, өздерінің жеңіске деген жігерлерін байқатты.

Аслан Ересов, Бірінші лицейдің 5 сынып оқушысы:

-Шынымды айтсам, мұнда маған  бәрі шын соғыстағыдай. Маған өте ұнады. Болашақта мен де Отанымды қорғаймын.

Сәуір айының 26-да басталған бұл игі шара мамырдың 11-не дейін жалғасады. Өскелең ұрпақтың патриоттық сана-сезімін оятатын бұл қызықты ойынға балабақша бүлдіршіндері де тартылады.
Ойын соңында оқушылар соғыс кезіндегі ботқаның дәмін татып,  алау жанында отырып,  әскери әндер айтты.