МТРА жаңалықтары

Мағжан оқулары

 

Мағжан Жұмабаев қазақ әдебиетінің дамуына қомақ үлесін қосты. Алты алаштың ардағына айналған боздағын  облыс тұрғындары мақтан етеді, ақынның өлмес туындыларын сүйіп оқиды.Мағжан туындылары қай уақытта болса да жастарға ерекше рух сыйлап келеді.

Жанат Мұхамеджанов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығының орынбасары:
-Қалалық байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Оған 18 бен 30 жастағы кез-келген адам қатыса алады. Байқау үш тапсырмадан тұрады.


Бірінші тур “Мен өлмеймін, менікі де өлмейді” деген атаумен ашылды. Мағжан шығармаларын жатқа оқуға шыққан жастардың бірі – Ақерке Түгенбаева, ол қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы. Жас ұстаз байқауға Мағжанның бірнеше өлеңін дайындап келіпті.


Ақерке Түгенбаева, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы:
-«Туған тілім – тірлігімнің айғағы» демекші, тіл еңсесін көтеріп, Мағжан секілді дара атамыздың шығармашылығын қолдау мақсатында қатысып отырмын.


13 жасынан өзі де  өлең жазуға талаптанып жүрген Айдар Қайрат 70 жылдық кеңестік билік тұсында қазақ әдебиетінің тарихынан жазықсыз сызылып тасталған ақиық ақынның “Сағындым” өлеңін дайындап келген.


Айдар Қайрат, Солтүстік Қазақстан кәсіптік- педагогикалық колледж студенті:
-Бүгін “Сағындым” өлеңін оқимын.
Ол оны түрмеде жатқанда жазған. Өлеңде жазушының анасына, туған жеріне деген сағынышы берілген.

Екінші кезең “Мен де ойды ағытамын қаламыма” деп аталды. Ережеге сәйкес жас қаламгерлер шығармашылық қоржынынан Отан, туған жер, тәуелсіздік тақырыбындағы және Мағжан туралы тырнақалды туындыларын оқып берді. Қорытынды сында Мағжан шығармаларынан аудармалар оқылды. Қазылар үміткерлердің дауыс мәнеріне, көркем мәтінді оқу шеберлігі мен сахналық мәдениетіне баса назар аударды.