МТРА жаңалықтары

Мерейтойлық медальдар тапсырылуда

 

 

 Жасұлан Құдабаев- тыл еңбеккері. 40-шы жылдары  астық жинап, мал бағу,  майданды азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз ету осындай жандардың мойнында болған. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал соғыстан кейін 64 жыл еңбек еткен.     Сұрапыл кезеңнің қиындықтары оның есінен кетпейді.

Жасұлан Құдабаев, тыл еңбеккері:
Таразының бір жағына 4 жылды, екінші табағына 64 жыл еңбегімді салса, 4 жыл басып кетер еді. Себебі 4 жылдың ішінде аштық, жалаңаштық болды. Мұндай бейнетті 64 жылда көрген жоқпын.

Бала кезден қолына кетпен-күрек ұстаған Жасұлан Құдабаевтың еңбегі еленіп, оған Жеңістің 65 жылдығына арналған мерекелік медаль берілді. Дәл осындай жарқыраған кеуде белгілерін тағы 33 соғыс және еңбек ардагері иеленді. Қази Дәулетбаев
та сұм соғыстың ащы дәмін ерте татқан. Бірінші сыныпқа  10 жасында барыпты. Бірақ қазір бейбіт өмір кешіп, немере-шөберелерінің қызығын көріп отырғанына шүкір дейді.

 

Қази Дәулетбаев, тыл еңбеккері:
-Мен 6 жастан еңбекке араластым.
10 жасымда бірінші класқа барыппын. Білімнің не екенін сол кезде бірақ білдік қой. Қазір бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Бізді ұмытпай, осылай құрмет көрсетіп жатқан жандарға рақметімді айтамын.

 

Ойын баласын  ерте есейткен соғыстың 10 мыңнан аса куәгері Петропавлда тұрады. Олардың барлығын сол сұрапыл жылдар мен бүгінгі бейбіт өмірдің арасындағы көпір деп білуге болады.