Қалалық мәслихат сессиясы

МТРА жаңалықтары

15:06 27 Сәуір 2010

Облыс орталығының өткен жылғы бюджеті 5 рет өзгертіліп, нақтыланды. Артық-ауыс қаржы қайта қаралып, мақсатты бағытталып отырды. Өткен жылы Петропавлдың өз табысы 5 миллиард 304 миллион шамасында, трансферттер 4 миллиард 97 миллион теңгені құрады. Ал бюджеттің шығыс бөлігі 9 миллиард 691 миллион теңге. Үнемделгені 88 миллион теңге. Бірнеше бағдарламаларға бөлінген қаржыны игеруге қатысты тексерулер барысында 36 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, олардан 296 мың теңге көлеміндегі айыппұл өндіріліп алынды. Жоспарланған жұмыс түгел дерлік орындалған. Тек облыс орталығындағы 3 ипотекалық үй құрылысы созылып кетті.

Евгений Хан, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

-3 тұрғын үй өткен жылы тапсырылған жоқ. Сондықтан біз бүгінде мемлекеттік сатып алу туралы заңды жетілдіру керек деп ойлаймыз. Мердігерлер басқа жақтан келеді. Өте аз жұмыс көлемін атқарып, кетіп қалады. Ал істі аяқтайтын біз.


Өткен жылдың шілдесінде құрылысы басталған дәрігерлерге арналған ипотекалық үй ағымдағы жылы тапсырылады.


Антон Макаров, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Тұрғын үй бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 318 миллион 628 мың теңге бөлінді. 2009 жылы қаржының 170 миллионы игерілді. 148 млн. теңге биылға өтті.


Ал қалалық жолдар үшін 2010 жылға 243 миллион теңге бөлінген. Бүгінде жолдарды жөндеу басталып кеткен. Қалалық тұрғын үй коммуналдық қызмет және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Боташ Хайнетов депутаттарға жұмыс жүргізілетін көшелер мен қиылыстар тізімін ұсынды. Сондай-ақ, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бастығы Болат Жанатаев индустриалдық -инновациялық бағдарлама бойынша облыс орталығында қолға алынған жобалардың орындалу барысы туралы баяндады.