МТРА жаңалықтары

Петропавлдық оқушылардың ғылыми жобалары

 

Сабақ оқыған кезде музыка еш кедергі келтірмейді, тіпті оның пайдасы  бар дейді №8 мектептің оқушылары Лариса Красовская мен Альбина Абдулхаимова. Олар бұл жәйтті өз бастарынан да, өзгелер арқылы да зерттеп көрген. Мұндай зерттеу жүргізуге жастардың ұялы телефондар мен музыка ойнатқыштар арқылы үнемі әуен тыңдауы түрткі болған.

Лариса Красовская, №8 орта  мектептің 11сынып оқушысы:
-Өзім классикалық музыканы тыңдағанды ұнатамын. Құрдастарыма да тыңдаңдар деп кеңес беремін. Ол адам миының дем алуына көмектеседі.

Альбина Абдулхаимова, №8  мектептің 11сынып оқушысы:
-Бас кезінде тек әдебиетпен қана шектелгенбіз, кейін тәжірибе түрінде жүзеге асырдық. Математика сабақтарында музыканы жіберіп қойып, нәтижесін байқадық. Оқушыларға ол кедергі келтірген жоқ.


2 жыл бойы оқушылар мен мектеп мұғалімдері арасында түрлі сауалнамалар жүргізілген. Нәтижесінде музыка кедергі келтірмейді деген қорытынды жасалған. Бірақ оны шамадан тыс көп, әрі дауысын қатты қойып  тыңдауға болмайды. Осы тұжырымдамаларын олар Ресей астанасы Мәскеу қаласында болған Вернадский атындағы 17-ші жасөспірімдер оқуында сәтті қорғап, дипломанттар атанды.
Қыздардың жұмысы үздік ғылыми жобалар жинағында жарық көрді. 400-ге жуық бала қатысқан білім жарысында жерлестеріміздің қабырға газеті де үздік деп танылыпты.

Людмила Зайнутдинова, ғылыми жетекші:
-Біз ғаламтордан байқау туралы білдік.
Кейін сайтқа хабарласып, өз жұмыстарымызды жібердік. Екінші турға Мәскеуге шақырды. Барлық жұмыстар қызықты болды. Қыздарымыз 7 минуттың ішінде өз жобаларын қорғап, қабырға газеттерін жақсы таныстыра білді.


Ал осы мектептің тағы бір оқушысы Сергей Игнатьев   Астана қаласында өткен 6-шы халықаралық “Ғылым әлемін ашамыз” конференциясына қатысып қайтты.   Астрономия ғылымын таңдаған оның да жетістігі ауыз толтырарлықтай. Қалалық және облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген ол, жұлдыздардың түстері мен жарықтарының өзгеруін бақылаған.


Сергей Игнатьев, №8 орта мектептің 11сынып оқушысы:
-Ең бірінші жұлдыздар түстері мен жарықтарын өзгертетінін естіп, осы мәселеге қызықтым.
Содан бері зерттеу жұмыстарына кірістім. Ол екі жыл бұрын болатын. Түрлі кітаптарды оқып, обсерваторияға да бардым. Шынында да жұлдыздардың түсі өзгеріп отырады екен.

Сергейдің жетекшісі Рахима Әлімова физика пәнінің ұстазы. Оқушылардың қызығушылығын арттыру қосымша жұмысты талап етеді дейді.

Рахима Әлімова, №8 орта  мектептің физика пәнінің мұғалімі, ғылыми жетекші:
-Астрономия мектепте жеке пән ретінде жоқ. Сондықтан оқушылардың қызығушылықтарын арттыру үшін ғылыми жобалармен жұмыс істейміз. Астрофизикалық орталыққа күндіз де, түнде де барып, бақылаулар жасадық. Университет  оқытушылары да көмектесті.


Бұл түлектердің алғашқы ғылыми жобалары болатын. Енді алдағы уақытта болашақ ғалымдар өз тақырыптарын тереңірек зерттеуді көздеп отыр.