МТРА жаңалықтары

Петропавлда саяжайлар өртенді

 



Бұл өрт Новопавловка селосының жанындағы “Черемушки” қоғамының саяжайшыларына бау-бақшаны жөндеп, көкөніс егетін сәтте орасан зор кеселін тигізді. Бағбандар отқа оранған бақшаларын өрттен арашалап қала алмады. Олар амалдары таусылғаннан бас шайқап, сырттай бақылаумен тынды.

 

Саяжайшылар:
– Мен бақшамдағы жерді қопсытып жатқан едім, сылдырлаған дыбыс естілді. Айналып қарасам, өрт менің саяжайыма жетіп қалыпты. Қолға іліккен дүниені алып қашудан басқа амал болмады.
-Жеміс-жидек отырғызуға әзірлік жұмыстарымен айналысып жүргенмін. Кенеттен шытырлап қоршауым жана бастады. Сасқанымнан не істерімді білмей қалдым.

Құтқарушылардың 3 бригадасы қызыл жалынды ауыздықтай алмағандықтан, қосымша күш шақыртылды. Одан да нәтиже шамалы болды. Желмен күшін еселеп қас-қағым сәтте өршіген от 4 гектардан астам жерді құшағына орап алды. Өсіп тұрған жеміс ағаштары, қураған шарбақ, жазғы баспаналар лезде күлге айналды. Ал кейбір бақшашылар қысы-жазы саяжайда тұратын көрінеді. Өрт сөндірушілерге техникамен өтетін жолдың болмауы да кедергі келтірді. Су гидранттары мүлдем қарастырылмаған. Ал құтқарушылардың айтуынша, өрттің бірден-бір себебі қарапайым сақтық ережелерінің орындалмауы.

Руслан Құдайбергенов, өртке қарсы күрес қызметінің маманы:
-Көп жағдайда адамдар айналасын тазартамын деп қалдықтарды жағады.
Кейін оны бақылаусыз қалдырады. Құрғақ шөп бензин құйғандай жанады ғой. Осындай салғырттықтың салдарынан жалын желмен ілесіп үлкен аумақты жаулап, үлкен шығынға әкеп соғады.

Құтқарушылар өртті кешкі алтылар шамасында
ғана толығымен ауыздықтады. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.