Петропавлда “Балапан” бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.

МТРА жаңалықтары

10:27 24 Сәуір 2010

Қазір “Чайка” балабақшасында 250 бүлдіршін   жан-жақты тәрбие алып жатыр. Аумағы 3 мың шаршы метрге жуық  ғимаратта  қосымша топтарды қабылдау мүмкіндігі бар. Мұндағы балдырғандардың қатары жуық арада тағы 50 кішкентаймен толықпақ.

Лариса Борисова, “Чайка” балабақшасының меңгерушісі:
-Президент халыққа арналған соңғы Жолдауында балабақшаларды көптеп ашу керектігін баса айтты.
Біз бұған өз үлесімізді қоса аламыз. Сондықтан “Балапан” бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыспен  қосымша екі топ аштық.

Алғашқы бюджеттік топты қабылдауға балабақша  сақадай сай тұр. Түскі ұйқы, ойын бөлмелері жаңа жиһазбен жабдықталған. Қалған 25 бүлдіршіннің де кезегі көп күттірмейді. Жаңартылған бөлімнің есігі мамырдың ортасында ашылады. Балабақша қызметкерлері бос орындардың болмайтынына сенімді. Балалардың ой-өрісінің кеңеюіне барлық жағдайлар жасалған. Танымдық сабақтар  қос тілде жүргізіледі.

Маржан Башенова, қазақ тілі пәнінің оқытушысы:
“Балбөбек”, “Қайнар” бағдарламалары бойынша жұмыс істейміз. Балабақшада үш жастан мемлекеттік тілді үйрете бастаймыз. Орыс топтары болғандықтан тақырып бойынша сабақтар өткізгенде орысша, қазақша жүргіземіз.

Сәуірдің 15-нен  мемлекеттік”Балапан” бағдарламасы іске қосылды. Алдағы уақытта  бұл жобаға облыс орталығының тағы 2 жеке балабақшасы тартылатын болады. Бұл тағы 100-ге тарта бүлдіршінге мектепке дейінгі білім алу мүмкіндігін тудырмақ.