МТРА жаңалықтары

Мәдениет саласындағы жаңалықтар

 

С. Мұқановтың ” Балуан Шолағы ” сахнаға алғаш рет жол тартты. Тұсау кесер жазушының туған күні көрермен назарына ұсынылды. Бұған дейін сахналанбаған образ. Сиясы кеппеген туынды. Нардың жүгін Нартай Сәрсебаев мойнына алған.
Ата-бабасы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған жерінен айырылып қалмау үшін жанталасып жатқан аумалы-төкпелі заманда елді ұйымдастырып, оязға қарсы шыққан батыр өмірі қиын да қызықты. Оқиға әдеттегі жер дауына қатысты өрбиді. Бұл жолы қазақтың шұрайлы қонысына ояздардың көздері түсіп, переселендерді сол жаққа орналастырмақ. Қарсы шыққандар басбұзарлар, империяға бүлік салушылар деп жарияланды. .  Олардың басшысы Балуан. Әншi, сазгер,батыр, жетi өнердi бір бойына жиған Балуан Шолақ. Ақырында жабайы емес өнерлі халықтың өкілі екеніне орысты мойындатқан, ояздың қызы Татьянаны ғашық еткен қазақ ұлының айтқаны орындалды. Тұсаукесерге арнайы қатысқан ақын К.Салықов Сәбеңнің «Балуан Шолағының» алдымен Қызылжар сахнасынан көрінгеніне дән риза.


Кәкімбек Салықов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

-Нартай деген жігіт жақсы ойнады. Сәбең бір аунап түскен шығар. Жазушыларға, актерлерге алғысым мол.


Балуан Шолақтың образын сомдауға тәуекел еткен Нартай Сәрсебаев рөлді шыңдау үшін әлі де еңбектенетінін айтады.


Нартай Сәрсебаев, С.Мұқанов атындағы  қазақ сазды-драма театрының әртісі:

-Рухани, физикалық күш керек. Ондай зор тұлғаны ойнау қиын. Дұрыс ойнадым ба, бұрыс ойнадым ба , бағасын халық береді.


Қойылымнан шыққан  көрермен “Жау жүрек” немесе Сәбеңнің “Балуан Шолағы” Мұқанов театрының репертуарындағы басты туындылар қатарынан орын алатынына сенімді.

 

 

 С. Мұқанов атындағы кітапхана қоры “Қазақтың дәстүрлі мың күйі” атты жинақпен толықты. Құнды жинаққа халыққа таныс күйлермен қатар, тыңдарманға жетпей келген туындылар да енді. Бұл халқымыздың мәдени мұрасын кейінгі ұрпақтарға жеткізу бағытында жасалған батыл қадам  дейді мамандар.
 

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханаға мемлекеттік тапсырыспен “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша Қазақстанның “Фолиант” баспасынан 1600 дана кітап түскен.  Кітап қоры ерекше әдебиеттермен де толықты.   Соның ішінде “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” атты  жинақты атап айтуға болады.  Күй таспалары көрмеге келген оқырмандардың үлкен қызығушылығына ие болды.

Майра Әшімова, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың қазақ тіліндегі әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі:
-Бұл жоба екі кітаптан тұрады. Бірінде дискілер жинақталған, ал екіншісінде түсініктеме жасалған,   мұнда ақпараттық мәліметтер.


Енді ұлттық музыкаға әуес әр азамат облыстық кітапхананың өнер бөлімінде 41 таспадан тұратын күйлерді тыңдай алады. Күйлер негізінен үш аспапта – домбыра, сыбызғы, қобызда орындалған.  Жинаққа енген күйлердің дені Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазба мұрағатынан, Қазақ радиосының “Алтын қорынан” алынған. Бұл жоба Шығыс, Батыс, Жетісу, Арқа, Қаратау, Сыр өңірі, Маңғыстау мен Қытай, Монғолия қазақтарының күйшілік дәстүрін бір арнаға тоғыстырған.

 Жеңіс тақырыбын ту еткен байқау 9 мамыр қарсаңында Бескөл ауылында өтті. Оған Қызылжар ауданының 42 мектебінің оқушылары жиналды.  

 

Бейбіт аспан астындағы сахна төрінде орындалған әр шығарма осындай тату-тәтті тыныш өмірге жеткізген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналып отыр. Туған топырағына баса- көктеп кірген жауға қайыспай қарсы тұрған жауынгерлердің ерлігі тарихта мәңгі қалады. Олардың қайсарлығын өскелең ұрпақ ұмытпайды.

 Оқушылар:
– Ата-бабаларымыз бізге бейбітшілік сыйлады. Біз оларға жәрдем жасауға қашан да дайынбыз.
Бүгін олардың құрметіне би әзірлеп әкелдік. Біз олардың ерліктерін зая кетірмейміз.
Біз бүгін бақытты өмір кешудеміз. Ұлы Ж
еңіске 65 жыл толды. Біз бұл жерге жеңу мақсатында емес, ардагерлерге тағзым көрсету, яғни өз ризашылығымызды білдіру үшін келдік.
 

Байқауда Қызылжар ауданының 42 мектебінен 200-ге тарта оқушы өнер көрсетті. Алғашқы аталымда жалынды жырлар оқылды. Ал келесі сайыста қатысушылар әншілік қабілеттерін паш етті.
Соңғы сында жасөспірімдер бейбітшілік тақырыбындағы өз ойларын қағаз бетіне түсірді.

Әсем Аяпбергенова, “Парасат” мектеп-лицейінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы:
-Бұл іс-шараның мақсаты жеңісті ұлықтау, ардагерлердің ерліктерін ұмытпау, келешек ұрпақ үшін мұның тәрбиелік мәні зор. Болашақта да көптеген іс- шаралар жоспарланып отыр.  


Өнерімен үздік шыққандар облыстық байқауға жолдама алатын болады.

 
 Классикалық музыка майталманы  Фредерик Шопеннің 200 жылдық мерейтойы дүние жүзінде атап өтілуде.
Бұл үрдістен облыс поляктары шет қалған жоқ. Олар бейнелеу өнері мұражайында Шопен музыкасына арналған  кеш ұйымдастырды.

  

Шопен  туындылары қазір тек поляктардың ғана   емес, аспаптық музыканы бағалайтын барлық адамның мақтанышы. Кеште оның көпке танымал шығармалары орындалды. 39 жыл ғана ғұмыр кешсе де, поляк композиторы 16 полонез, 26 прелюдия, 17 вальс, бірнеше баллада жазып кеткен.    Шопен әуендерін кеште СҚМУ саз-педагогика факультетінің аға оқытушысы Андрей Слезко орындады.   

Борис Самусев, ГТК мәдениеттану және философия пәндерінің оқытушысы:
-Музыка  жан жарасын емдейді. Оны орындаушы ғана емес, тыңдаушы да жүрегімен түсіне білуі керек.
Мынадай классикалық музыка кештерінде демаласың, миың тынығады. Бұл зерттеліп бітпейтін күй.

Әйгілі комп
озитордың құрметіне Польшада 2010 жыл Шопен жылы деп белгіленген. Сондықтан да облыстағы поляк мәдени орталығы қатардан қалыспауда.

Анатолий Краевский, “Коперник” поляк мәдени орталығының төрағасы:
-№17 өркендеу мектебіндегі біздің оқушылармыз сыныптан тыс түрлі шаралар ұйымдастыруда. Ал   қала оқушылары мен жастары арасында “Шопен музыкасының бояулары” атты байқау жарияланды.
Оның қорытындысы 1 маусым, балаларды қорғау күні белгілі болады.


Әлем мәдениетінің тұғыры биік тұлғасына арналған байқауға қазірдің өзінде 220 жұмыс  түскен.

 

 

Түркияда сәуірдің 23-і  балаларды қорғау күні ретінде белгілі. Аталаған мерекеге орай “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі ” Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мектеп-интернатының” бүлдіршіндеріне арнап қамқорлық кешін өткізді.

50 бүлдіршіннің басы қосылған концертте қазақ, түрік халықтарының ұлттық билері биленді. 10 -12 жас аралығындағы балдырғандар ойын ойнап,  ұлттық тағамдардан дәм татты. Бүлдіршіндер сыйлықтарға да ие болды.

Идрис Картал, “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Біз балалар үйінің бүлдіршіндерін шақырдық. Себебі ата-анасынан айырылған балдырғандарға қуаныш пен шаттық сыйлағымыз келді. Және дем алып қайтулары үшін барлық жағдайды жасадық.