МТРА жаңалықтары

Медицина саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

 

Мерекелік медальдар бірінші кезекте салтанатты жиналысқа келген 75 ардагерге тапсырылды. Ал денсаулығы сыр беріп, кездесуге келе алмаған еңбек ардагерлеріне басқарма басшылығы төсбелгілерді үйлеріне апарып тапсырады. Мерекелік медальға сұрапыл жылдары жаралы жауынгерлерді қайта қатарға қосқан 186 ақ халатты абзал жанның барлығы ие болмақ.

Азамат Мағзұмов,  СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
-Соғыста медицина қызметкерлері өздерінің еңбегімен көзге түсті. Медицина қызметкерлері соғыс жылдары 17 млн адамның өмірін аман алып қалған.

 Валентина Панфилова 30 жылдық ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған. Үшінші ауруханада, балалар емханасында тер төкті. Еңбек жолын перзентханада жалғастырып, құрметті демалысқа шықты. Бүгін 78 жастағы Валентина Панфилованың өңірінде үшінші медаль жарқырады.

Валентина Панфилова, еңбек ардагері:
– Аурухана ұжымы тату болды. Дәрігерлер өз міндеттерін адал орындайтын. Міне, медальға ие болдым. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Бұрынғы әріптестеріммен де қауышып, жастық шағыма оралғандай әсер алдым.

Медаль тағынған қариялар баянның үні естіле сала жастық шақтарын еске алып, дөңгеленіп билеп кетті.


  Мерейтойлық медальдарға бір кездері балалар емханасында еңбек еткен бір топ ардагер де ие болды.  

 

Қалалық балалар емханасының қызметкерлерінен құрылған топ медицина саласында еңбек еткен ҰОС ардагерлерін үйілеріне барып құттықтады. Шоқ гүл  мен мерейтойлық медальға 29 ардагер мен тыл еңбеккерлері ие болды. Құрметке бөленгендердің бірі – еңбек ардагері Зағида Сәлімова. 1931 жылы Петропавлда туған ол тылда 12 жасынан бастап еңбекке араласыпты.  

Зағида Сәлімова, тыл еңбеккері:
-Бізді колхоздарға арамшөп жұлуға жіберді.Ер адамдар мүлдем жоқ.
Тек әйелдер ғана. Бізге, балаларға 300 грамм ғана нан беретін.

Зағида Мұхамеджанқызы медицина саласында 40 жылдай жұмыс істеді. Тыл еңбеккері ақ халатты жандардың құрмет көрсеткеніне дән риза. Қалалық балалар емханасының қызметкерлері өз ардагерлерін жыл сайын қуантады.

Ольга Әшімова, қалалық балалар емханасының бас дәрігері:
– Бүгінгі біздің сыйлықтарымыз ардагерлерге көктемгі көңіл-күй, сергектік пен күш сыйлады деген ойдамыз. Олар әрқашан біздің басты назарымызда. Әр мереке қарсаңында оларды қуантуға тырысып жүреміз
.

    Петропавлда “Соғыс ардагерлеріне  – мерекелік дастарқан” атты акция бастау алды. Аталмыш шараны “Облыстық рестораторлар мен отельерлер  ассоцияциясы” қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесе ұйымдастырып отыр. Сәуірдің 20-сында басталған бұл шара 5 күнге созылмақ. Игі істің басты мақсаты  денсаулықтарына байланысты үйден ұзап шыға алмайтын ардагерлерге мерекелік дастарқан жаю.   Қаламыздың 12 мейрамханасы мен дәмханасы 70-ке жуық соғыс ардагерінің үйінде 2 адамға арналған мерекелік дастарқан жаяды. “Черная кошка” кафесінің аспазы бүгін Николай Григорьевич пен Вера Николаевна Фисюктің шаңырағында қонақта болды. Мол дастарқанға қариялар риза болып қалды.

 Сайран Хамзин,  “СҚО рестораторлар мен
отельерлері ассоциациясының” төрағасы:

-Біз ардагерлер үшін ең дәмді деген тағамдарды дайындап, мерекелік көңіл-күй сыйламақпыз. Ұлы Жеңіс мейрамы олардың әрбірі үшін ұмытылмас мереке болуы тиіс. Біз аз болса да соған өз үлесімізді қосқымыз келді.