МТРА жаңалықтары

Сәбеңе арналған мектеп мұражайы ашылды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, академик-жазушы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың рухына тағзым етуге қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қызметкерлері жиналды. Арасында Сәбит Мұқановпен кезінде жүздесіп, араласқандар да бар. Олар есімі қазақ әдебиетінің «алыптар шоғыры» қатарында аталатын Сәбит Мұқанов өмірдегі қарапайымдылығын, кішіпейілділігін көп ауызға алады.


Облыс орталығындағы №32 мектеп Сәбит Мұқановтың есімін иеленіп жүр. Осында бүгін жерлес жазушының құрметіне мұражай ашылды. Бұл жерде қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан мол ақпарат беріліпті. Мұражайдың ашылуына қаламгердің екі атадан қосылатын туғандары – Рамазановтар отбасы келген. Әскербек ата мен Сағила апа екеуі де Сәбит Мұқановтың әңгімесін тыңдап өсіпті. “Жүрегімді сіздерге сыйладым” – мектеп оқушылары мен мұғалімдер әзірлеген шығармашылық кеш осылай деп аталыпты. Шын мәнінде, Сәбит Мұқанов сөз өнерін халыққа қызмет етудегі киелі жол санаған.


Сәбит Мұқанов әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір, заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол барлық жанрда өндіре еңбек етті. Сөйтіп, жазушының қанатты қаламынан туған бай мұра қазақ әдебиетінің алтын қорына енді.