МТРА жаңалықтары

Мәдени өмір жаңалықтары

 

 

«Айналайынның» өнердегі жолы әуелі қазақ, орыс тілдерінде қатар жұмыс істеген “Лиро” ансамблінің құрамында басталады. 6 мен 18 жас аралығындағы әнге әуес балалардың қабілетін шыңдайтын аталмыш ансамбль 2000 жылы қазақ эстрадалық ансамблі болып құрылды. Құрамында әуелде 20 шақты ғана бала болды. Бірақ өз ісінің шебері ансамбль жетекшісі Ботагөз Кәкімқызының еңбегі жанды. Бүгінде оның жетекшілігімен  кіші, орта және ересектер топтарына  бөлінген 50ге тарта жас өнерпаз тәрбиеленуде.

Ботагөз Мәметова, «Айналайын» ансамблінің жетекшісі:

Осы кезге дейін бірнеше халықаралық сайыстарға қатыстық. Астана қаласында өткен “Балбөбек” сайысында 1-ші орын алдық. Франциядан дипломант атанып келдік. Алдағы уақытта “Айналайын” ән студиясын ашқым келеді.

Концертте
30-ға жуық ән орындалды, олардың басым көпшілігі жаңа туындылар. Әсем Кәрімова  ансамбль түлегі. Болашағын өнермен байланыстырмаса да, өз отбасындай көретін ансамбль ұжымын құттықтау үшін арнайы келіпті.

Әсем Кәрімова,  ансамбль түлегі:

Мен ансамбльге 8 жасымнан бастап қатыстым. Мұнда вокал жағынан өзіме көп тәжірибе алдым. Шығармашылық ұжымға көп табыс тілеймін.

Залға жиналғандардың бірі балғындардың өнерін тамашалауға келсе,
енді бірі балаларының қуанышына ортақтасуды мақсат еткен.


Мұрат Жапаров, көрермен:

-Менің қызым 5 жасынан бастап келіп жүр. Жетекшілері оларға ән, би өнерін үйретіп, шетелге де апарып жүр. Тілерім: өнерлері өркендеп, бізді қуанта берсін.

 Классикалық музыка концерті.

 

 Өткен сенбі күні Петропавлда отандасымыз, жас пианист Әмір Тебенихин  концерт берді. Классикалық музыканың шебері  кешті поляк композиторы Фредерик  Шопеннің 200 жылдық  мерейтойына арнады.   

 

Концерт Фредерик  Шопеннің азалы маршымен ашылды. Оның өзіндік себебі де бар дейді пианист Әмір Тебенихин. Бұл туынды  осыдан он шақты күн бұрын Польшада болған  қайғылы оқиғаға арналды.

Әмір Тебенихин, пианист,  халықаралық  байқау лардың лауреаты:
-Концерт Польша елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылғандықтан   Шопеннің азалы маршынан бастадық. Себебі бұл кешті Шопеннің мерейтойына ғана емес, поляк жеріндегі қайғылы оқиғаға да арнап отырмыз. Ал басында аталған маршты орындау жоспарда болған жоқ еді.


2 сағаттық концертте тек поляк композиторы Шопеннің  әуендері орындалды.  
 Концерттің бірінші бөлігінде 32 жасар пианист сахнаға жалғыз өзі шықса, соңында оркестрмен қосылып  өнер көрсетті.

Неметтул Кәрімов, ҚазҰУ профессоры, оркестр мүшесі:
– 2 сағат таза музыка дегеніміз – үлкен сынақ. Бірақ сол қиындықты Әмір Тебенихин жеңе білді деп ойлаймын. Әрі Шопеннің мұрасын оркестрмен орындау  үлкен шеберлік.


Алматы және Мәскеу консерваториясының түлегі, Жәния Әубәкірованың шәкірті Әмір Тебенихин қазіргі таңда Германияда тұрып жатыр. Бірақ
Қазақстан Республикасының  азаматымын  дейді. Сондықтан да  шетелдерде қазақ музыканты деген атпен танымал.Бірнеше байқауларда бағы жанған отандасымыз  АҚШ, Франция, Жапония , Польша  сияқты  елдердің үлкен залдарында өнер көрсеткен.   

 

Көрермендер:

-Өте тамаша кеш. Немереммен келдім, екеуіміздің де көңілімізден шықты.
-Әмір -өте талантты жас.
Шопенді көбі ойнағанымен, жүрегімен түсінетіндер аз. Ал Әмір  беріліп ойнайды. Залдың көрермендерге лық толуы оның өнерінің жоғары деңгейде екенін білдіреді. Концерт сәтті шықты.

Әмірдің өнеріне тәнті болған
 көрермендер өз ықыластарын ұзақ қол соғумен білдірді.