МТРА жаңалықтары

Екінші сенбілік өтті.

Жеңіс саябағындағы сенбілікке 30-дан астам мемлекеттік мекеме мен кәсіпорын ұжымдары тартылған. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ортақ іске 500-ге тарта адам білек сыбана кірісті.

Әбір Батырбек, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының курсанты:
Біздің қаламыз үшін келе жатқан Жеңіс күнінің 65 жылдығына арнап осы жұмыстарды істегеніміз маған өте қуанышты. Ата бабаларымыз біз үшін қан төкті. Бұл жасағанымыз кішкентай ғана, олардың ерліктерін біз өмір бойы өтей алмаймыз.

Қайта жаңартылып жатқан мәдени нысанның аумағы
қысқы қалдықтардан арылып, жолдар тазартылды. Саябақтың сұрқын алып тұрған қураған ағаштар кесіліп, жансыз бұталар шабылды, жас көшеттер отырғызылды. Питомникте өсірілген 20 түп шырша енді қалпына келтіріліп жатқан қоғамдық демалыс орнының сәніне айналмақ. Қылқан жапырақтыларды түптеуге қала әкімі Нұржан Әшімбетов та қатысты. Орман сақшылары жасыл желектің бой жазып, қатаюына жылдар кетеді, ендігі мақсат бұл табиғи әсемдікті сақтап қалу дейді.

Ербол Бапашев, Қызылжар аудандық мемлекеттік орман шаруашылығының инженері:
Бүгін осы аумаққа ағаш отырғызылып жатыр. Бұл ағаштар қала көркі болады және ардагерлерге сыйлық деп санаймын. Осы ағаштарды қала тұрғындары сақтап, қаламыз көркейіп өсе берсе деп ойлаймыз.

Петропавлдықтардың сүйікті демалыс орны
– орталық қалалық саябақта да тазалық шарасы қызу түрде өтті. Жас ұрпақ”, “Жасыл ел” жасақтары мен облыс орталығының тұрғындары Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіштер мен гүлбақтардың айналасын жөнге келтірді.

Әсемгүл Әбіл, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті:
Біз. жас ұрпақ. өзіміздің қаламызды тазартуға келіп тұрмыз, қаламызды таза, әдемі күйінде ұстау үшін өз үлесімізді қосып тұрмыз деп ойлаймын.

Сәкен Сәденов
, “Солтүстік Қазақстан” газеті редакциясының қызметкері:
Қаламыздың сүйікті саябағын келіп жинап жатырмыз. Осылай күллі тұрғындар тазартып отырса, қаламыз тазарады.

Бұл күні сенбілікке шыққандар 1млн. 600 мың шаршы метр аумақты тазалады. 500 тоннаға жуық қоқыс сыртқа шықты. Алайда қаламыздың орталық аудандары бұл игі іске белсене араласып, көшелерді біршама көріктендіріп тастаса, шеткі аймақтардағы жағдай мүлдем керісінше. Қарапайым тазалық жұмыстарын жүргізбей, қол қусырып отырғандардың қатары әлі де басым. Гашек көшесі бойындағы кәсіпорындар мен дүкендер өз аумақтарын жинауға мүлдем шыққан жоқ. Есіл маңы әлі де сыпырғыш көрмеген. Кезекті тазалық сенбілігі сәуірдің 24-не жоспарланып отыр. Сондай-ақ бұл күні мектеп оқушыларынан құрылған жасақтар ҰОС ардагерлерінің үйлерін жинап, су тасып, аулаларын тазартуға көмектесті.