МТРА жаңалықтары

ІІД кезекті брифинг өтті

Жұртшылықты селт еткізген қылмыстық істердің бірі – Мәңгілік алауды газбен қамтамасыз етіп тұрған қондырғыны ұрлау . Үстіміздегі жылдың ақпан айында зиянкес ескерткіштің бір бөлігін арнайы құрал-сайманмен жұлып алып, металл қабылдайтын пунктке тапсырған. Көп ұзамай тәртіп сақшылары қылмыскердің жолын кесті.

Мадина Балғашоқова, СҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда келтірілген шығынның көлемі күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тартуға аз болғандықтан, оған айып салынды.

Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында ашылған атышулы істердің арасында Булаев қаласында жасалған қарақшылық шабуыл, Ұлы Отан соғысының ардагерін алдап, тарихи маңызы бар заттарды иелену фактілері бар. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуде Жедел басқару орталығының жұмысы туралы да айтылды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Жедел басқару орталығына 31 мыңнан астам хабар түсті. Бейнебақылауды пайдалану арқылы 4 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Орталықтың көмегімен жыл басынан бері тонау 41,9 ,бұзақылық 38,5 , ал жасөспірімдер арасындағы қылмыстар 56,6 пайызға төмендеді.

Бауыржан Рақымжанов, СҚО ІІД Жедел басқару орталығының бастығы:
– Бейнекамералар негізінен адамдар көп жиналатын жерлерде орналасқан.
Олардың саны қаламызда 22. Бұл қондырғылар тек жол-көлік оқиғаларын ғана емес, сонымен қатар аса ауыр қылмыстық іс-әрекеттерді де ашуға зор септігін тигізеді.

Жыл соңына дейін мұндай бейнекамералардың санын 48 -ге дейін жеткізу жоспар
ланған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 69 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ бақылау қондырғыларын аудан орталықтарында да орнату көзделіп отыр.