МТРА жаңалықтары

Ардагерлердің алғашқы тобына мерейтойлық медальдар тапсырылды.

 

1941 жылы фашистік Германия соғыс ашқан кезде туған жерді қорғауға 90 мың солтүстікқазақстандық аттанды. Әр екінші жауынгер майдан даласында көз жұмды. Елге аман-есен оралғандарының қатары күннен-күнге сиреп барады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында бір топ майдангерлерге облыс әкімі мерекелік медальдарды салтанатты түрде табыс етті. Елбасының Жарлығы бойынша “Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы ” медаліне бұл жолы 25 жерлесіміз ие болды. Жарқыраған медальдың біреуі 86 жастағы Сапар Дүйсеновтың кеудесіне тағылды. Есіл ауданының тумасы 1943 жылы майданға аттанып, бірден Украина жерінде соғысқа кіреді. 1944 жылы ауыр жарақаттанып, 18-дегі бозбала туған жерге оралады. Бірақ қол қусырып отырмай, прокуратураға жұмысқа орналасады. Алдымен ауданда, кейін облыстық әділет үйінде қызмет еткен ардагер Жеңіс мерейтойын Мәскеудегі Қызыл алаңда атап өтпек.

Сапар Дүйсенов, ҰОС мүгедегі:
-Фашистермен соғысып, тыныштық әпергенімізге 65 жыл.
Бұл бір адамның жасы. Елімізде басқа ұлттар тұрады. Олармен бір атадан тарағандапй жүріп жатырмыз. Бар тілегім
ілгері де осылай бола берсін.

Өткенімізді ұмытпай, батыр бабаларымызға құрмет көрсету
біздің, болашақ жастардың міндеті, – деп атап өтті өңір басшысы Серік Біләлов.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы жолдауында ардагерлердің, аға ұрпақтың жағдайына үнемі қамқорлық танытып келеді. Осы бағытта облысымызда да ардагерлерге әлеуметтік және материалдық қолдау көрсету үшін және тұрғын үй мәселесін шешу үшін барлық жағдайлар жасалуда және жасала бермек.


Сұрапыл жылдарды бастарынан өткізіп, бейбіт күнді сыйлаған 24 мың солтүстікқазақстандық дәл осындай медальдарға ие болады.

Мерейтойлық медальды облыс әкімі Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мәжкен Ғаббасов пен Василий Терейковскийдің үйлеріне барып табыс етті. Өңір басшысы ардагерлерге ізгі тілек айтып, 9 мамыр күнгі мерекелік шеруге шақырды.

Василий Дмитриевич Терейковский жақында ғана ауыр науқастан басын көтерді. Облыс әкімі үйіне кіріп шығады дегенді естігенде, ардагер бір сергіп қалды. Қарт майдангер құрметті мейманды сапта тұрғандай, әскери тәртіппен қарсы алды. Облыс әкімі Серік Біләлов майдангерге мерейтойлық медальды табыс етті.”Бұл медаль Қызыл жұлдыз орденіндей маған қымбат”, – дейді Василий Дмитриевич. Бұл орден ардагерге сұрапыл соғыстың ең қиын шайқастарын еске салады. Ол Ленинградты қорғауға қатысты.

Василий Терейковский, ҰОС ардагері:
– Әскери борышымызды абыроймен атқаруға тырыстық. Жауға берілген жоқпыз. Әскери жасақтар құрып, қаланы соңына дейін қорғадық.

Василий Терейковский бірінші Украин, Ленинград және Балтық майдандарында шайқасты. Бейбітшілік орнағаннан кейін ол жоғары әскери білім алып, курсанттарға тактика пәнін оқытты. Отставкадағы полковник азаматтық қорғаныс штабында да қызмет етті. Бүгінгі күні ардагер 2 бала, 4 немере және 3 шөберенің қызығын көріп жүр. Өңір басшысының қолынан мерекелік медаль алған Ұлы Отан соғысының ардагері Мәжкен Ғаббасовтың кеудесінде 18 медаль мен 6 орден бар. Ол әскерге 1941 жылдың желтоқсан айында аттаныпты.

Мәжкен Ғаббасов, ҰОС ардагері:
– Украинаны азат етуге қатыстық. 1945 жылы Австрияда шайқастық… Сол жылы бізді бірінші кезекте үйге аттандырды.

Ардагер соғыс жылдарын еске алуды ұнатпайды. Майданнан оралғаннан соң Мәжкен ата оқытушылықпен айналысып, жас ұрпаққа математика және физика пәндерінен білім берді. Сүйікті жарымен ол 45 -інші жылы кездесті. Соғыс жылдары тылда еңбек еткен Назика Күлдейқызы да ұзақ жылдар мұғалім болды. Қазіргі таңда Ғаббасовтар отбасы 4 бала, 7 немере және 6 шөбере сүйіп отыр.

Өңір басшысы мерейтойлық медальды  Петропавл ауыр машина жасау зауытының 7 соғыс ардагері мен 21 тыл еңбеккеріне де тапсырды.

Петропавл ауыр машина жасау зауытында соғыстан кейінгі кезеңде 800-ден астам ардагер жұмыс істепті. Бүгінде көзі тірі 7 ақсақал қалды. Тылда еңбек еткен 516 ата-әжеміз бар. Олардың біразы бүгін зауытта өткен салтанатты жиынға қатысты. Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен барлығын өңір басшысы Серік Біләлов құттықтады. Бұл жиында 28 медаль өз иесін тапты. Облыс әкімі әр ақсақалдың қолын қысып, белгіні кеудесіне тақты. Марапатқа ие болғандар қуанышты. Олар өңірдің бірінші басшысы өзі келіп, медальды табыс еткеніне дән риза.

Вячеслав Кондюков, тыл ардагері:
-Соғыс басталғанда мен 11-де болдым. Күні-түні тынбай тылда еңбек еттік. Осы медаль сол қажырлы еңбегімнің жемісі деп білемін.
Сіздерге көп рахмет.