МТРА жаңалықтары

Ел қорғағандар ұмытылмайды

86 жастағы Александр Тищенко тағдыр тауқыметін жастайынан тартып өсті. Алдымен анасы, кейін әкесі мен қарындасы көз жұмады. Ата-анадан айырылған 4 бала жетімдер үйінде өседі. Үлкен 2 ағасы әскер қатарына алынғанда Александр қарындасына тірек болып қалады. Кейін өзі де 1942 жылдың күзінде әскерге шақырылып, 1943 жылы Ленинград түбінде соғысқа кіреді. Осы сұрапыл күндердің біреуі зор бақыт сыйлады дейді ардагер. Ол орманда 1940 жылдан көрмеген ағасын кезіктіреді.

Александр Тищенко, ҰОС ардагері:
Құрғақ тамақ жалықтырғасын, ботқа пісірмек болып, от жақтым. Ағам артымда, танкінің үстінде бақылап отырыпты. Сосын “Шура, сенсің бе!” деп айқайлап жіберді. Екеуіміз жылап көрістік. Сабыным мен қантымды сатып, ақша қылдым.Сосын суретке түстік. Ол сынған танкілерді жөндеуге зауытқа әкетіп барады екен. Мен майданға аттанып кеттім.


Майдангер Ленинградты жаудан азат етуде көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Кейін бір шабуылда снаряд жарықшағы тиіп, госпитальға түседі. Жазылып шыққасын Эстония жеріндегі шайқастарға қатысады. Жеңісті де сонда қарсы алады. Туған жерге тек 1950 жылы оралып, бірден жұмысқа кіреді. Қарт майдангер желілік ішкі істер бөлімінде 26 жыл қызмет еткен. Осы уақытқа дейін Александр Тищенко Жеңіс күніндегі бір де бір шеруден қалмапты. 65 жылдық мерейтойда да орден-медаль толы костюмін киіп, сапқа тұрмақ.

Александр Тишенко, ҰОС ардагері:
Мен бос отырғанды ұнатпаймын. Жаз бойы саяжайда жұмыс істеймін. Өзім осы тұратын үйде пәтер иелері кооперативінің төрағасымын. Осылай ақырындап жүріп жатырмыз. Шеруге шығуға әзірге денсаулығым жетеді.

Желілік ішкі істер бөлімінің дамуына үлкен үлес қосқан ардагерлерді ұжым ұмытпай, әр мереке-думанды аға буынмен бірге атап өтеді.


Тілеуберген Ахмеров, Петропавл станциясындағы ЖІІБ кадр жұмыстары бойынша бөлім бастығының орынбасары:
-Әрбір соғыс ардагерін туған күн, мерейтойларымен құттықтап, үйлеріне барамыз.
Сыйлық жасаймыз. Оларды мерекелік жиналыстарымызға шақырып отырамыз. Жуырда майдангерлер жас мамандармен кездесіп, тәжірибе бөлісті.


Ал алдағы аптада полицейлер ардагерлерді экскурсияға алып шықпақ.