МТРА жаңалықтары

Петропавлда тағы бір балабақша ашылды

 Екі жасар Валерия – балабақшаның әзірге алғашқы және жалғыз тәрбиеленушісі. Ал балабақша 30 орынға шақталған. Мұнда кішкентайлардың жан-жақты жетілуі үшін барлық жағдай жасалыпты. Төрт маман Астана қаласының білім орталығы құрған “Алғашқы қадам” бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Людмила Баландина, тәрбиеші: -Мен жұмыс іздеп жүріп, хабарландыру бойынша келдім. Білімім жоғары, мамандығым бойынша осындай қызмет керек еді, жақсы болды. Балаларды тәрбиелеу ісі қатты қызықтырады. Арнайы бағдарлама да өте қолайлы. Бар білгенімді үйретуге тырысамын. Бүлдіршіндердің ойлау қабілетінің тез жетілуіне ойын түрінде өтетін танымдық сабақтар зор пайдасын тигізеді. Бағдарламада жаттығу жұмыстарына да көп көңіл бөлінеді. Түсте ұйықтау сағаттары да қарастырылыпты. Тамара Королькова, “Кроха” бөбекжай-бақшасының директоры: -Бізде балалардың тәрбиесіне керектің бәрі бар. Бірден екі топты қабылдай аламыз. Жуық арада би, ән оқытушылары жұмыстарына кіріседі. Шығармашылықпен қатар тілдерді үйретуді де жоспарлап қойдық. Ас мәзірі де ағзаға пайдалы дәруменедерге толы. Күніне 4 мәрте тамақтанады. Корольковтар – көп балалы отбасы. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген қағиданы ұстанатын отбасы 20 жылда 30-дан астам тұл жетімді тәрбиелеп, мамандық иесі болуларына септесті. Зейнет жасына шыққан Тамара Ивановна да балаларымнан өмірлік қуат алып, өзімді сергек, әлдеқайда жас сезінемін дейді.