МТРА жаңалықтары

Он сегізде ел қорғаған

 

 

 Қырық екінші жылы он сегіз жасар бозбала мергендер училищесіне түседі. Ал жарты жылдан кейін 62-ші  армия қатарында қан майданға кіреді. Сталинград түбіндегі шайқаста жаумен алғаш бетпе-бет кездестім дейді Василий Иванович. Талай рет өміріне қауіп төнген.  Әсіресе бір оқиға майдангердің жадында ұмытылмас із қалдырыпты.

Василий Козлов, Ұлы Отан соғысының ардагері:
Бір ауылдың түбінде немістермен шайқастық. Қасымдағы қаруласым екеуіміз бақшаның ішімен біздің танктерге қарай жүгіріп келе жаттық.Бір кезде атылған мылтықтың дыбысы естілді. Бұрылып қарасам оқ қасымдағы жолдасыма тиіпті. Ал жанында жүгіріп келе жатқан маған оқ дарымады.

Қалай болғанда да бұл күн Василий Иванович үшін сәтті аяқталмады. Немістердің жаудырған оғынан аман құтылып кете алмадым деп еске алады майдангер. Аяғындағы жарақаты әлі күнге дейін сыздап, сол күнді ұмыттырған емес. Госпитальда өткізген алты айдан кейін Василий Козлов бірінші гвардиялық Харьков бригадасына түседі. 44-ші  жылдың наурызында қайтадан майданның алғы шебіне жіберіліп, Украинаны азат етуге қатысады. Майдангер Жеңісті Венгрияда қарсы алған. Василий Козлов Қазақстанға елуінші жылдары келеді. Мұнай құбырының құрылысына қатысады. Қауіпті жерлерде жұмыс істеген ол бұл жерде де өзін жақсы қырынан танытып, үздік дәнекерлеуші атанған.  Өзі талай жыл еңбек еткен кәсіпорын ұжымы ардагерді еш уақытта ұмыт қалдырған емес.

Галина Панфилова, “Уралтранснефтепродукт” ААҚ филиалының кадрлар жөніндегі маманы:
-Василий Иванович –  біздің құрметті зейнеткерлеріміздің бірі.
Біз оған қолдау көрсетіп отырамыз. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында кәсіпорын соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңге көлемінде сыйақы жасайды. Мен Василий Ивановичке өзім келіп тапсырамын.

Екінші топтағы мүгедек үшін жаңартылған Жеңіс бағына барып қайту қиын-ақ. Бұл ретте кәсіпорын қызметкерлері  ардагер
ді  саябақтың ашылуына жеткізуге уәде беріп отыр.