МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті.

 

Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай соғысқа қатысы бар әр азамат марапатқа ие болады. Елбасының Жарлығына сәйкес біздің облыста 24 мың медаль өз иесін табуы тиіс. Марапаттау рәсімін өткізуге бар болғаны екі күн бөлінді.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-16-17-ші сәуірде соғысқа қатысушыларға барлық медальдарды табыс етуіміз керек. Бұл жұмысқа қала бойынша басқарма басшылары жауапты. Аудан әкімдері өз аймақтарында марапаттау рәсімін өткізулері керек. “Жеңіс жауынгері” кітабінің жарыққа шығуына да қарқын қосыңыздар.

Әкімдіктің отырысында
Жеңіс мерейтойын тойлау жоспары туралы да сөз болды.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-7 мамырда Жеңіс саябағын ашамыз. 8 мамырда Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоямыз. Ал негізгі мерекені ардагерлердің басын қосып, 9 мамырда “Қарасай” стадионында өткіземіз.

Еңбекақының уақытында төленбеуі де отырыстың күн тәртібіне шығарылды. Бұндай заң бұзушылыққа бірқатар кәсіпорын басшылары жол берген. Бұл ретте аудан әкімдері тікелей жауапты. Өңір басшысы әр ауданның қанша қарызға батқанын жіктеп, атап өтті. Тізім басында тұрған Аққайың ауданының 24 миллион теңге қарызы бар. Кеңесте еңбекақы борышын толық өтеу міндеттелді. Сондай-ақ «Жол картасын» жүзеге асыруға бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда болмақ. Көктемгі егіске дайындық та басым бағыттың бірі. Науқанға бүгінде Аққайың мен Есіл ауданы мықтап кірісіпті. Жағармай қоры күн санап толығуда.

Серік Тәшенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
іздің облысқа дизель отынына 20 мың тоннадай квота бөлінді. Оның жартысы бүгінде шаруашылықтарға жеткізілді.

Облыс әкімі
осы мәселеге жауапты басқармалар басшыларының есебін тыңдап, жағдайға көңілі толмайтынын жеткізді.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Көктемгі егіске дайындық сылбыр. Аудандар әлі тиісті жұмысты атқармаған. Біз науқанды мамырдың 15-інде бастап, маусымның біріне дейін аяқтауымыз керек. Алайда әр серіктестік дән себуді 15 күнге созып жүріп алмауы керек. Аз уақыттың ішінде өткізілсе, өнім мол болмақ.

Егіс науқанының өту барысы қатаң бақылауда болады. Кеңес барысында 13 ауданның әрқайсысына жауапты тұлға бекітілді.