МТРА жаңалықтары

Петропавлдық 2 оқушы Омбы қаласында өткен білім турнирінен олжалы қайтты.

 

М.В.Ломоносов атындағы турнир биыл 11-ші рет өткізіліп отыр. Білім сайысына Ресейдің әр облысынан физика, математика, химия т.б. пәндер бойынша 10 000-ға жуық оқушы қатысуға ниет танытыпты. Шетелдік сайысқа Петропавл қалалық жалпы білім беретін бірінші лицейдің шәкірттері жыл сайын қатысады. Физика пәнінен бақтарын сынау мүмкіндігіне 9-сынып оқушылары Роман Назаренко мен Вадим Губайдуллин ие болды.

Роман Назаренко, Бірінші қалалық лицейдің 9-сынып оқушысы:

-Мен дайындығымды күзден бастадым.
Тапсырмаларды орындау оңайға тиген жоқ. Мұғалімдер берген жақсы білім мен ізденістің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткіздім. Келесі оқу жылында облыстық олимпиададан бірінші орынды иеленіп, республикалық сайыста білімімді сынағым келеді.

Аталмыш турнирде
5 үздіктің қатарынан көрініп 4-орынды қанағат тұтқан Вадимнің де жетістіктері аз емес. Жақында ол «Престиж» қалалық ашық интеллектуалдық турнирдің жеңімпазы атанды.

Вадим Губайдуллин, Бірінші қалалық лицейдің 9-сынып оқушысы:
Халықаралық турнир болғандықтан жақсылап дайындалдық. Шыны керек, он мың қатысушының арасынан суырылып алға шығу оңай болған жоқ. Мен осы жетістігім үшін ұстазым Наталья Михалеваға алғысымды білдіргім келеді.

Оқушылар жетістікке жетіп жатса, ұстаз еңбегі жанды деген сөз. Лицей мұғалімдері шәкірттерінің білім сайысында топ жарғанына қуанышты.

Наталья Беленкова, директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары:
Біздің мектебіміздің оқушылары жыл сайын түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. Оқушыларымыз осы қарқыннан таймай, алдағы уақытта тың биіктерді бағындырады деп сенемін.

Айта кету керек, Ломоносов атындағы олимпиаданың жүлдегерлері Ресейдің үздік жоғары оқу орындарын
да білімдерін тегін жалғастыра алады.