МТРА жаңалықтары

Сәбит Мұқановтың мерейтойына арналған кездесу.

Қалалық классикалық гимназиядағы “Мирас” клубы С.Мұқановтың 110 жылдығына орай оқушыларды зиялы қауым өкілдерімен кездестірді. Жазушыны көзі көрген аға буын өкілдері  қаламгердің өмір жолы жайлы айтып берді. 

 
 Қаламгер-жерлесіміз жайында білгісі келетін жастар көп. Сондықтан қалалық классикалық гимназияның “Мирас” клубы С.Мұқановтың 110 жылдығына арнап кеш өткізді. Үйірме жетекшісі Қарақат Шалабаев қаламы қарымды жазушыны кейінгі толқынға таныстыру үшін мұнда зиялы қауым өкілдерін  шақырыпты.
 

  Қарақат Шалабаев, “Мирас” клубының жетекшісі:
-Сәбитті көзі көрген, қасында болған зиялы қауым өкілдерімен кездесу кешін ұйымдастырдық. Сәбеңнің өмірі үлгі-өнеге.


С.Мұқановтың немере інісі Ермек Мұстафин кездесуге ағасының өмірінен сыр шертер хаттар мен фотосуреттерді алып келген.  Қазақ әдебиетін дамытуға сүбелі үлес қосқан қаламгердің очерктері мен әдеби зерттеулерін зиялы қауым сүйіп оқиды. Кеште “Өмір мектебі” романынан үзінді сахналанды.

Аягөз Бектасова, қалалық классикалық гимназия мұғалімі:

-С.Мұқановтың “Өмір мектебі” романынан үзінді ұсынып отырмыз. Мақсатымыз  – оның оқу жолындағы көрген қиындықтарын, қандай қиындықтар болса да, төзіп баққанын көрсету.

Ата-анасынан ерте айырылып, тағдыр тәлкегін жастайынан тартқан жазушының балалық шағы кімнің болса да көзіне жас алғызбай қоймайды. Өмір шындығын астар еткен қойылым- көпшіліктің көңілінен шықты.