МТРА жаңалықтары

Ғарышкер студенттерге атаулы шәкіртақы табыс етті.

 

Ғарышкерлер күніне орай Петропавл құрылыс-экономика колледжінде Александр Викторенко атындағы шәкіртақы табыс етілді. Ғарышкер- ұшқыш Александр Викторенконың  және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаковтың  қатысуымен өткен салтанатты жиында 6 студент білім ақысынан босатылғаны хабарланды.  

 

 

 

 Петропавл құрылыс-экономика колледжінде  2002 жылы Александр Викторенко атындағы шәкіртақы тағайындалған болатын. Содан бері озат студенттер оқу ақысын төлеуде пайыздық жеңілдіктер алып келген. Биыл   сәуір айынан бастап  атаулы шәкіртақы  иегерлері білім ақысын төлеуден мүлдем босатылды. Ағымдағы жылы мұндай қолдауға 6 студент ие болды. Оларды құттықтау үшін  ұшқыш-ғарышкер Александр Викторенконың өзі келді.

Александр Викторенко, ғарышкер-ұшқыш:
-Жүрегім әрдайым туған жеріме тартып тұрады. Жыл сайын бір жолын тауып өлкеме келіп кетуге тырысамын. Ал диплом табыстау рәсімі мен үшін өте маңызды. Ғарышкерлер күні де осы аймаққа ат басын тіреуіме себеп болды. Себебі дәл осы өлке екі ғарышкерге қанат қақтырған болатын.

Ғарышкер атындағы шәкіртақыға қол жеткізген студенттердің бірі –  Назерке Тұрсынова заңгер мамандығы бойынша ІІ курс студенті. Ол оқудағы үздік табыстарымен қатар қоғамдық істердегі белсенділігімен де көзге түсе білген. “Жас ұрпақ” жастар ұйымының мүшесі колледждегі іс-шаралардан қалыс қалған емес.  

Назерке Тұрсынова, Петропавл құрылыс-экономика колледжінің студенті:
-Мен өте қуаныштымын. Тарихи адамның қолынан сыйлық алу мен үшін үлкен мақтаныш. Осы кісі жыл сайын келіп тұрсын.

Колледж ұжымының  да  Александр Викторенкоға әзірлеген сыйлығы бар екен. Бұл күні мұнда ғарышкердің қатысуымен  мұражай ашылды. Онда Александр Степановичтың  еңбек жолына арналған қабырға да бар.  2001 жылы колледж директоры болған Анатолий Башмаков ұлы есімдер тарихта мәңгі қалуы керек дейді.

Анатолий Башмаков,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Мен Александр Викторенконы студенттерге сыйақыны өз қолынан табыс етсін деп шақырдым. Жастар тарихи тұлғаны өз көздерімен көрсін деп ойладым.


Кездесу соңында достықтары балалық шақтан  үзілмеген Александр Викторенко мен Анатолий Башмаков колледждің ардагерлер аллеясында екі шырша ағашын отырғызды.