МТРА жаңалықтары

Қар суына қарсы шаралар жалғасуда.

Суағарлар мен су өткізгіштерді тазалаушы кәсіпорын қала көшелерін 15 мың текше метр судан арылтты. Қар суын сорып шығару жұмыстары демалыс күндері де тоқтаған жоқ.   

 
Демалыс күніне қарамастан “Очистные, водоотводные и  водопропускные сооружения” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында  жұмыс қызып тұр. Диспетчерлік бөлімнің қызметкері Надежда Гребенщикова үшін көктем  – ең қауырт мезгіл. Себебі қар суының құрсауында қалған тұрғындар таң атқаннан қас қарайғанға дейін телефон арқылы хабарласады.  Бүгін  454  шақыру түсті. 449  тұрғынға тиісті көмек көрсетілді.

Надежда Гребенщикова, кәсіпорын диспетчері:
-Ленинградская,180,184, Московская, Халтурин, 153 мекен-жайларымен біз бірнеше рет жұмыс істедік. Көп шағымдар қайталанып отырады. Мәселен, Потанин, 87, Волочаевская,145,147 үйлерінің тұрғындары осыған дейін де шағымданған еді.

Кәсіпорын қызметкерлері Коминтерн көшесіндегі 2-ші  үйдің маңындағы суды 4 күн бойы сыртқа төгуде. Қардың қалың болғаны соншалық, бұл жерде әлі 3 күндік жұмыс бар дейді сушылар. Бензострой кентінде де жұмыс қызған. Бұл шағынаудан да қауіпті аймақтың бірі. Қар суы кент тұрғындарын жылда мазалайды. Мәселен, коммуналдық кәсіпорынның қызметкерлері Московская 209 үйіне 5-ші рет келіп отыр.

Любовь Булычёва, тұрғын:

Біз коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорын  жұмысшыларына алғыс айтамыз. Қоңырау шалсаң болғаны, машиналарымен келіп, тазалап кетеді. Бір күнде бірнеше рет су сорған кездері де болды.


Қарт ұстаз Татьяна Галицкая да коммуналдық кәсіпорын қызметіне ұдайы жүгінеді. Биыл қар суы Потанин көшесіндегі 87-ші үйге тым жақын келіпті.

Татьяна Галицкая,  тұрғын:
-Бізде қауқар жоқ қой. Менің көзім көрмейді. Жолдасымның аяғы ауырады. Біз бұл мекемеге әрқашан қоңырау шаламыз . Мамандар күн-түн демей келіп көмектеседі.
 
Евгений Сметаниннің  үйі биыл көктемде көл ортасындағы аралға айналған. Тіпті қайықпен жүруге болады дейді үй иесі. Кәсіпорын қызметкерлері айналадағы суды 3 күн сорған.  


Евгений Сметанин, тұрғын:
– Маңай телегей-теңіз болып шыға келген еді,  көмек жетті. Қазір жертөлемде шамалы ғана су қалды. Оны өзім шығарамын. Ал маңайда бір тамшы су қалмады.

Сушылардың алдағы аптаға да жұмыс кестесі дайын. Алайда  жоспар әр уақыт орындала бермейді.

Надежда Гребенщикова,  кәсіпорын диспетчері:
– Қар көбесі сөгіле бастағанда шақырулар  көп болды. Күніне 50-60 шағым түсетін. Барлығына барып үлгеру мүмкін емес қой. Бірақ қауіпті дегендерге көмектесуге тырыстық. Айтарым, тұрғындар өздері де дайын болулары керек. Табиғат апатын білу мүмкін емес қой, бірақ  қар суын болжауға болады. Көпшілігі арықтарын тазаламайды.