МТРА жаңалықтары

Сотта жетім балалардың баспанасын қайтару туралы іс қаралуда.

 

 

 Бұл оқиға осыдан он жыл бұрын болған.   Бар бәле – коммуналдық берешектен басталыпты. Хименко көшесінің бойындағы 3 үйдегі 183-ші пәтердің иесі Елена Федорова баспанасы үшін төлемдерді жаба алмай, қарызға батады.  Тығырықтан шығу  үшін  пәтерін Костенколар  отбасының жатақханадағы екі бөлмесіне ауыстырып алған. «Қалалық әкімдіктің рұқсатымен бөлмелерімді пәтерге алмастырып,  коммуналдық қызметке берешегін толығымен өтедім» дейді пәтердің қазіргі иесі. Ол уақытта бөлмелер мемлекеттің меншігінде болған. Келісімге қалай рұқсат  берілгендігі әзірге түсініксіз қалып отыр. Ал  Елена Федорова келісім құжатында Яна есімді қызының бар екендігін ғана көрсеткен. Шын мәнінде  ол  үш баланың анасы болып шықты.Бірақ маскүнемдікке  салынып,  кішкентайларын асырай алмайтын халге жеткендіктен 1999-шы жылы аналық құқығынан айрылған.  

 Шолпан Әбдірахманова,прокурор:
-Заңға сәйкес Павел Дерябин мен Алексей Федоров уақытша балалар үйінде болғанына қарамастан, отбасы  мүшелері ретінде келісімге енулері керек еді. Алайда олай болған жоқ,сондықтан келісімді заңсыз деп тауып, Костенко отбасының  баспананы босатуын талап етеміз.
 

Сотқа арыз түсірген де осы балалар. Меншік құқығынан айырылып қалған жетімдер соттан әділдік күтеді. Ал жауап беруші жақ  арызданатын уақыттың өтіп кеткендігін алға тартып отыр. Арыз 3 жылға дейін заңды күшін сақтайды. Балаларды қамқорлығына алғандар да пәтер мәселесін ұмыт қалдырған көрінеді. Ал жатақханадағы бөлмелер  2002-ші жылы-ақ басқа адамдардың меншігіне өтіп кетіпті. Елена Федорова бұдан бір жыл бұрын қайтыс болыпты.  Осылайша тағдыр тәлкегіне түскен жетімдердің  баспанасыз қалып қою қаупі бар.