МТРА жаңалықтары

Төтенше оқиғаға арналған кеңес .

 

 

Алматы облысының Ақсу ауданындағы «Қызылағаш» су қоймасындағы қайғылы оқиға 465 түтіні бар елді мекенді бүтіндей жермен-жексен етті. Апат салдарынан 33 адам қаза  болды. Зардап шеккендер өте көп. Кеңесте облыс әкімі Президенттің тапсырмасына сәйкес жапа шеккен отбасыларына материалдық, қаржылық, медициналық көмек көрсету қажеттігін атап өтті. Серік Біләлов барлық өңір халқын басына қиындық түскен отандастарымызға қол ұшын беруге шақырды.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
 – Қызылағаш су қоймасы бұзылғанда 2240- тан астам тұрғыны бар ауылдың үстінен су жүріп кеткен. Тереңдігі 4 метр болатын сел 1,5 шақырымдай жерді басып өткен.  Тұрғындар бір түннің ішінде баспана мен малдарынан айырылып қалды.

 

Кеңесте өңір басшысы тиісті қызметтерге зардап шеккендерге қол ұшын беруге қатысты бірқатар тапсырмалар беріп, олардың есебін тыңдады.


Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
 Нақты сектормен жұмыс жасау керек. Әр адам бір күндік жалақысын бергені жөн. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын да ортақ іске тартқан жөн. Мүмкін облыстың атынан үй салатын шығармыз.  


«Нұр Отан» партиясы да зардап шеккендерге көмек қолын созуға әрекет етіп жатқан көрінеді. Облыс басшысы орынбасары Самат Ескендіровке «Халық банкінен» шот ашуды тапсырды. Оған қанша қаражат түскеніне ұдайы мониторинг жасап отырылады. Жиында қаралған екінші мәселе – облыста су тасқынының алдын алуға әзірлік.

Оразғали Малдыбаев, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары:
– Қазіргі кезде су басады деген қауіп төніп тұрған елді мекендерді белгілеп қойдық. Олар Мағжан Жұмабаев ауданында – Бірлік және Бейбітшілік селолары, Шал ақында -Жаңажол мен Городецкое, Ғ. Мүсірепов ауданында -Чистополье мен Есіл, Тимирязев ауданында – Дмитриевка елді мекені. Бұл ауылдарға қатынайтын жол ми батпаққа айналып, қатынас үзіледі. 

Өңір басшысы қауіпті ауылдарда кезекшілік құрып, төтенше оқиғаларға жол бермеуміз керек деп, барлық су қоймалары мен бөгеттердің жағдайын тексеруді тапсырды. Қала көшелерін қардан тазарту, ағын су өтетін арықтарды тазалау жағы да назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі қалада 3 күн бойы оқу- жаттығу жұмыстары жүретінін хабарлады. Оған облыс орталығының көшесімен өткен барлық ауыр техника тартылуы тиіс. Үш күннің ішінде әр техника қарды қала сыртына шығаруға өз үлесін қосады.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Орынбасарым Жанболат Смайылов пен қала әкімі бірлесіп, су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастырады. Қазір қалада 120 құдық болса, оның 50-і ғана жұмыс істеп тұр. Оларды жібіту керек. Адамдар су үшін алыс колонкаларға баруға мәжбүр болып отыр. Үш күнің ішінде осы шаруалардың барлығы реттелсін.

Жиында облыс әкімі жыл сайын қар ерігенде судан зардап шегетін Бензострой, Копай, Жұмысшы, Заречный, Ой қала аудандарын әрбір басшыға бөліп берді. Әр басшы өз учаскесіндегі техникаларды іске қосып, көшелердің қардан арылуына жағдай жасауға міндетті. Ауа райын болжау орталығының мәліметіне қарағанда, наурыздың 20-нан кейін күн күрт жылынуы мүмкін. Сондықтан бұл жұмысты созуға болмайды, – деді облыс әкімі.