МТРА жаңалықтары

Майдангер алаяқтың арбауына түскен.

Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Петропавлда жағымсыз оқиға болды. 22 жасар бойжеткен Ұлы Отан соғысы ардагерінің сеніміне кіріп, 1 орден, 17 медаль мен 5 төс белгісін алдап алып, тайып тұрған. Ішкі істер департаментінің басшылығы дереу бұл қылмысты өз бақылауына алып, бір тәуліктің ішінде күдіктіні қолға түсірді.  

 
Көктемнің алғашқы күні Петр Сырыцинның үйіне қонаққа оқушылар келіп, тақпақ айтып, сұрапыл соғыс жайындағы әңгімесін тыңдап қайтқан болатын. Араға 6 күн салып ардагердің үйіне тағы да қонақ келді. Жадыра есімді қызбен қария көшеде танысыпты. Сталинград түбіндегі шайқас жайындағы әңгімені өз аузыңыздан естігім келеді дегесін үйге шақырған екен. Бойжеткенге бұл мәліметті дипломдық жұмысқа аса қажет деген. Алайда ақсақалдың қызық әңгімесі оған аздық етті.


Петр Сырыцин, ҰОС ардагері
-Ол менің медальдарымды қырқып ала бастады. Мен оған бұлай істеуге болмайтынын айттым. Фотоға түсіру керек болса, костюмімді берейін дедім. Ол қуана қабыл алды. Мен болсам оған сеніп қалдым.

Костюммен бірге 1 орден, 17 медаль, 5 төс белгісі кетті. Алаяқ  қыз бұнымен тоқтамай, кеесі күні қарттың үйіне тағы келіп, қарызға 15 мың теңге сұраған екен. Ақсақал қолда бар 5 мың теңгесін қыздың қолына ұстатқан.  Бикеш костюм мен ақшаны наурыздың 10-ы қайтарам деп ант-су ішіпті. Алайда, сөзінде тұрған жоқ. Ақкөңіл ардагер алданып қалғанын кеш  түсінді. Отан үшін от кешкен қария бүгінгі бейбіт замандағы жас ұрпақтың осындай қылығына қынжылып, көзіне жас алды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңындағы бұл оқиға ішкі істер департаментінің жеке құрамын аяғынан тік тұрғызды. Қылмыстың ашылуын басшылық қатаң бақылауына алды. 1 тәулік өтпей күдікті тәртіп сақшыларының қолына түсті.

Спартак Қабденов, СҚО ІІД баспасөз қызметінің қызметкері:
– Ұлы Жеңіс мерейтойы қарсаңында бұл резонансты қылмыс болып отыр. Оған барлығы жұмылдырылды. Қарағандылық әріптестерімізді де тарттық,  өйткені  оларда осыған ұқсас оқиға болған-ды. Міне жедел іздестірудің арқасында 22 жасар қыз қолға түсті.


Бұндай қылмысқа не үшін бардың деген сауалға сезікті жөнді жауап айта алмады.  Оың үстінен  “алаяқтық” фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.   Алаяқтан орден мен 4 медальды сатып алған азамат та жауапқа тартылмақ.

Спартак Қабденов, СҚО ІІД баспасөз қызметінің қызметкері:
 -Сатып алушыдан заттар тәркіленді. Сараптамалық жұмыстар жүргізілді. Оны да жауапқа тартамыз.