МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданында денсаулық күні өтті. .

Спорттық мерекеге аудан әкімдігі, мемлекеттік қызметшілер, тәртіп сақшылары, ұстаздар, кәсіпкерлер сияқты  аққайыңдықтардың көптеген топтары жиналды. Облыстық   «Ақ бидай» ойындарының жеңімпаздары енді ғимарат ішіндегі ойындарға кірісіп кетті. Шараның көздегені – салауатты өмір салтын қолдаушылардың қатарын қалыңдатып, спортты насихаттау.

Рүстем Елубаев, Аққайың ауданының әкімі:
-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауын іске асыру үшін ауданда жарыс өткізіп отырмыз. Жас балалармен қатар ауданымыздың ересек тұрғындары  да спортпен айналысады. Оған жағдайлар жасалынған.

Ауданда хоккей қораптары, стадиондар , спорт алаңдары бар. 

 

Дода 200-ден астам әуесқой спортшының басын қосты. Волейбол торы тартылған алаңда шеберлік танытуға тілек білдірген командалардың көптігі соншалық, оларды үш топқа іріктеуге тура келді. Қорытынды кезеңге жолдаманы алғашқы болып аудан орталығының командасы алды.

Дулат Рзатаев, Смирнов селосы құрамасының мүшесі:
– Әзірге нәтижеміз жаман емес. Ақтық ойынға шықтық. Онда да жақсы өнер көрсетеміз деген ойдамын. Жарыстың өткізілуі әсіресе жастарға жақсы болды.

Нысананы көздеуде Лесное селолық округінің мергендерінен ешкім асып түсе алмады. Округ тұрғындары үстел теннисінен де ерекшеленді. Айгүл Әбішева спорттың осы түрінен қыздар арасында жеңімпаз атанды.

 

Айгүл Әбішева, үстел теннисінен жеңімпаз:
– Тенниспен әуестенгеніме екі жыл болды. Осы уақыт аралығында аудан ішіндегі жарыстарда әрдайым жеңіп отырдым. Бұл жолы сәл қиындау болды. Бірақ нәтижемді қайталадым.

Ал аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері, аға лейтенант Сансызбай Байзақов жеңісін қайталай алмай қалды. Тәртіп сақшысы білек күші сыналатын армреслингтен талай шыңды бағындырып үлгерген екен. Алайда бұл жолы тоқсан келіден астам түйе салмақта қол күрестірген Сансызбай үшінші нәтижеге ғана қол жеткізді.

Сансызбай Байзақов,  қол күресінен жүлдегер:
– Ең бірінші байлық – денсаулық, сол себепті осылай спортпен айналысамыз. Әсіресе жастар спортпен шұғылданып, үлкен дәрежелерге жетсін дегім келеді.

Спорттың бес түрін қамтыған көпсайыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені Лесное селолық округінің командасы  жеңіп алды.