МТРА жаңалықтары

Ойын автоматтары қиратылды.

 

 

Ойын бизнесін кәсіп еткен екі астыртын клуб қала прокурорлары жүргізген тексеріс барысында анықталды. Онда тәркіленген 33 ойын аппараты мен 1 рулетканың тағдырын сот орындаушыларынан құрылған комиссия шешті.

  Карен Даллакян, сот орындаушысы:
– Егер оларды қайтадан саудаға жіберсе, біреу заңды түрде сатып алып, автоматтарды астыртын кәсіпте қолдануы мүмкін.

Талай азаматтарды ойынқұмарлыққа итермелеген осы аппараттар. Сондықтан комиссия оларды сатпауды жөн көрді.
Әрі мамандар ойын автоматтарын бағалай алмады.Өйткені олардың сертификаттары жоқ. Сондықтан комиссия мүшелері аппараттарды жою туралы шешім қабылдады. Жасырын түрде жұмыс істеп, қыруар ақшаға кенеліп жүрген ойын клубтарының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Нұржан Сәдуақасов, Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі:
– Құқықбұзушылар ойын бизнесімен айналысуға болмайтынын біліп, кінәларын толық мойындады. Мұндай кәсіпті тек Ақмола облысына қарасты Шортанды-Бурабай демалыс айлағына және Алматы облысындағы Қапшағайда жүргізуге рұқсат берілген.

Мамандардың сөзіне қарағанда, бір рулетканың құны 30 мың АҚШ доллары мөлшерінде. Демек, заңға қарсы әрекет еткен  бұл кәсіпкерлер көп шығынға ұшырады.  

 

 

Қытайда жасалған ойыншықтар мен азық-түліктің бір  партиясы да қатты қоқыстар полигонында жойылды.

 

Санитар дәрігерлер кеңесіп, адам денсаулығына зиянды өнімдерді жою керек деген шешім шығарды. 25 келі жарамсыз өнім сауда нүктелерінен тәркіленіпті.

 

 

Санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау басқармасының жанындағы арнайы комиссияның қарауына ұсынылған  түрлі тауарлар облыс орталығындағы сауда сөрелерінен тәркіленген. Бірі кезекті тексерулер кезінде анықталса, енді бірі тұрғындардан түскен шығымдар бойынша алынған. Тәркілену себептері де әр түрлі. “Сәлем ” базарында сатылған қара уылдырықтың тиісті құжаттары жоқ. Ал қытай ойыншығындағы фенол мөлшердегіден 7,5 есе көп. Арнайы комиссия  түрлі-түсті мысықтарды полигонда жою керек деп тағдырын бірден шешті. Өткен аптада санитар мамандар әшкерелеген заңсыз наубайхана өнімі жем-азық ретінде шаруашылықтарға жөнелтілді. Ал өндірушісі де, құрамы да белгісіз шұжықтар мен жартылай фабрикаттарды полигонда жойған дұрыс деген шешім қабылданды.  Елімізде кәсіпкерлікті қолдауға жағдай жасалып-ақ жатыр. Бірақ  заңды белден басушыларға жаза қатаң болуы керек.

Надежда Дубовая, СҚО тұтынушылар мен кәсіпкерлерді қолдау қауымдастығының төрайымы:

-Біздің кәсіпкерлерімізге сапаны ойлайтын уақыт жетті. Олардың жолдарында тек жасыл жарық жанып тұр десе де болады. Сондықтан ақша табуды ғана емес, бәсекеге қабілеттілікті ойлау керек. 

Осылайша, қатаң талдаудан өткен тауар комиссия отырысынан соң бірден полигонға жөнелтілді.


Толқын Шериязданқызы, Петропавл қалалық санитарлық -эпидемиялогиялық қадағалау басқармасының бас маманы:

-Өткен жылы тәркіленген 11 мың килограмм тауар жойылса, биыл жыл басынан бері 500 келі тауар тәркіленді. 

 Қатты қалдықтар полигонына жеткізілген өнім трактордың темір шынжырының астына түсті.