МТРА жаңалықтары

Аулаға қойылған көліктер коммуналдық қызметтерге кедергі жасауда.

 

 

Кәрім Сүтішев көшесінің бойындағы 23-ші үйдің ауласына енгенде  көлік тұрағына келдім бе деп қаласың. Жаяу жүргіншілердің  жолын жаулап алған машиналар балалар алаңқайларын да иемдене бастаған.  Бұл жағдай жылдың  барлық мезгіліне тән.  

 Александр Гришин:
– Үлкен бөгет болып тұр. Газ қызметіне, жедел жәрдемге жол жоқ. Күтпеген оқиға бола қалса, үй ауласына көлік кіре алмайды. Өрт сөндірушілерге де қиын. Жаздыгүні жағдай мүлдем асқынып кетеді. Бір амалын таппаса болмайды.)

Күнделікті қоқыс шығаратын “Коммунхоз” кәсіпорнының қызметкерлеріне де жұмыстарын атқару қиын болып тұр.  Қоқыс жәшіктерін айнала тұратын көліктер  көп дейді тұрғындар.

  Наталья Данилина:
– Осыдан ауламыз қоқыс орнына айналды. Антисанитария. Терезелерді аша алмаймыз. Жағымсыз иіс. Осыдан түрлі қоздырғыш аурулар тууы әбден ықтимал. Коммуналдық қызмет жұмысын жақсы атқарады. Ал жүргізушілер жақын маңдағы автотұрақтар бос болғанымен  үй маңын айналдыруды  қоймайды.  

Шешімін таппай келе жатқан бұл мәселе қаламыздың өзге  аулаларына да тән.

 Гүлмира Әубәкірова, “Коммунхоз” МКК   бас маманы:
– Тоқсанби, Мүсірепов, Абай, Интернационал, Қазақстан Конституциясы көшелерінің бойындағы көптеген көпқабатты үйлер тұрғындарынан да  шағым көп. Біздің жұмысымызға үлкен кедерг болып тұр.

Темір тұлпарларын есік алдында ұстайтындар коммуналдық қызметке кедергі болумен қатар аула  тазалығына және өз денсаулықтарына нұқсан келтіріп жатқанын түсінбейтін сыңайлы. Жүргізушілерді тәртіпке учаскелік инспектор да шақырып көрді, нәтиже жоқ.

  Болат Аскарбеков, учаскелік инспектор:
– Біз әрдайым рейдтік шаралар ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.  Заңға сәйкес әкімшілік жазаға да тартамыз. Санитар мамандар мен прокуратураның қызметкерлерін де тарттық. Түсіндік дейді, ертеңгісін үйреншікті ісіне қайта басады.

Тәртіп сақшылары соңғы айда 50-ге тарта жүргізушіге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып салған екен. Десе де мұндай заң бұзу статистикасының төмендейтін түрі жоқ.