МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік тілді үйренемін деушілерге тағы бір мүмкіндік жасалды.

Тәуелсіз еліміздің көк туы желбірегелі қашан. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Бірақ, қолданыс аясы кеңеймей тұр.

Болат Сағындықов, Петропавл қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы:
-Президентіміз айтқандай, Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Сондықтан қазақтың тілін білу әрбір қазақстандықтың борышы деп білу керек. Тілдің өрісін, қолданыс аясын кеңейту біздің қоғамдағы үлкен проблема.

Мемлекеттік тілді үйрету орталығында қол қусырып жұмыссыз отырған азаматтар оқытылады. Бұл игі іске қалалық қазынадан 2 млн. теңгеден астам қаражат құйылған. Өзге тілге судай, бірақ қазақшасы нашар жерлестеріміздің тілдерін астаналық “Ғарасат” орталығының мамандары сындыратын болады.

Гүлнәр Тайсюганова,”Ғарасат”оқыту орталығының директоры, Астана қаласы:
– Бағдарлама үш кезеңді қамтиды. Қазақша әріп танымайтындарға бастауыш, екіншісінде арыз-шағымдар, құжаттарды дұрыс толтыруды үйретеді. Соңғысында газет- журналдарды оқытамыз.

Вокзал маңында, Сәбит Мұқанов көшесіндегі 50-шіі үйде, “Сана” колледжінде ашылған орталықтар компьютерлендірілген, мултимедиялық оқулықтармен толық қамтылған. 1 курс 9 айға созылады. Осы уақытта меңгеріп әкеткендерге сертификат беріледі. Жасқа шектеу жоқ.

Наталья Щёголева:

-Мен биыл колледжді тәмамдаймын, оған қоса мемлекеттік тілді меңгеріп шыққанымды дәлелдейтін сертификат алғым келеді. Қазақ тілін әрбіріміз білгеніміз жөн.

Ахлиман Мирзоев:

-Мен енді ғана естідім. Бүгіннен қалмай орталыққа жазылып, мемлекеттік тілді үйренетін боламын.


Қазақ тілін үйренемін деушілердің барлығына есік ашық. Қажетті ақпаратты 36-12-02 нөміріне хабарласып білуге болады.