МТРА жаңалықтары

Криминалистерсіз іс бітпейді

СҚО ІІД-нің Жедел криминалистика басқармасында 44 адам жұмыс істейді. 36 криминалист тергеу амалдары барысында зерттеу жұмыстарын өздері жүргізеді. Қылмыстарды ашуда криминалистиканың орны бөлек.

Ақан Сыздықов, СҚО ІІД Жедел криминалистика басқармасының бастығы:
-Биыл криминалистика бөлімінің құрылғанына 91 жыл толып отыр. Өткен жылы криминалистер 3500-ге жуық істі қарады. 2000-ға жуық зерттеу жұмысын өткіздік. Жедел іздестіру, құқықбұзушылық және т.б. істер әрдайым біздің бақылауымызда.

2009 жылдан бастап қолданысқа енген дактилоскопиялық ақпараттар жүйесі жедел іздестіру шараларына айтарлықтай септігін тигізіп келеді. Жүйенің қорында 170 000 дактокарта және қылмыс орындарында қалған 20 000 қол бедері бар. Айта кету керек, техника көмегімен 620 қылмыс бойынша идентификация жасалып, салыстырулар оң нәтиже берді. Сонымен қатар белгісіз 65 мүрденің кімдікі екені анықталды. Криминалист мамандар өз қызметін жедел әрі сапалы орындау үшін білімдерін ұдайы толықтырып отырады.