МТРА жаңалықтары

Спорттық шолу

 

 

Алматыда ересектер арасында  өткен дүбірлі додада облыс намысын қорғаған жерлестеріміз Абылайхан Рүстемов пен Сымбат Сақыпкереева төрешілердің жоғары бағасын алды.

Асқат Сақыпкереев, СҚО карате-до федерациясының аға жаттықтырушысы:
Рүстемов Абылайхан 60  кг салмақта сайысып, үшінші орынға ие болды. Ол жартылай финалда Әлем чемпионатының күміс жүлдегерімен кездесіп, жеңіліп қалды. Ал Сымбат катада 3 орынды місе тұтты.

Ал карате-доның шотокан түрінен  Қазақстан, Қырғыстан және Өзбекстан елдерінен келген 300-дей спортшы бағын сынады. Бұл чемпионатқа облыстан 10 бала қатысты. 8 каратэші облыс қоржынына 5 алтын, 4 күміс және 4 қола алқа салды. Жарысқа қатысқан жерлестеріміздің ішінде ҚР екі дүркін чемпионы, спорт шеберлігіне үміткер Олжас Құсайынов та бар. Ол каратемен 8 жыл айналысып келеді.

Олжас Құсайынов, ҚР екі дүркін чемпионы:

-Менің ең басты жекпе-жегім – ол жартылай финал мен финалдағы кездесулерім.Жартылай финалда мен боз кілемге алматылық спортшымен шығып, жеңіске оңай жеттім. Ал финалда өзімнің жолдасым Серік Ережеповпен кездесіп, жеңілдім.

Олжас
 4-ші орынға тұрақтады.  Ал оның басты қарсыласы – петропавлдық Серік Ережеповтың қоржынында екі алтын, бір күміс және бір қола медаль бар. Ал катадан 1-інші және кумитэден 2-інші орынды еншілеген Мансим Тагиев үшін бұл  алғашқы ірі жарыс.  

Мансим Тагиев, ҚР чемпионатының жүлдегері:
-Ендігі менің мақсатым қара белдікке, 1-інші данға тапсырып, спорт шебері болу.

 Серік Ережепов, ҚР чемпионы:
-Ал менің мақсатым- спорт шебері болып, Қазақстанның құрамасына кіру.

Жас спортшылар алдағы сайыстарға дайындықты бастап кетті.

 

 

 

ҚР ІІМ ішкі әскерлерінің солтүстік құрамалары  арасында қоян-қолтық ұрыстан жарыс өтті. Петропавл, Қостанай, Көкшетау қалаларының әскерилері екі күн бойы өз араларындағы  мықтыны анықтады. Боз кілемде үздік атанған 6 сайыскер өңір намысын республика деңгейінде қорғайды.

 

 

 

Қоян-қолтық ұрыс әскери-спорттық бағдарламаның негізгілерінің қатарында. Жыл санап жарысқа қатысушылардың шеберліктері артып келеді.

Рауф Мұсаев, 6637 әскери бөлім командирінің орынбасары:
Сайыскерлердің дайындық деңгейі, жеңіске деген құлшыныстары өте жоғары. Десе де жеңіске нағыз мықты палуандар жетеді. Біздің қатарда осындай қайратты, батыл, денсаулықтары жақсы жастардың көп болғаны абзал. Қызметіміз ауыр, осыны талап етеді.

Жарыстың аты жарыс, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлерге қойылатын талап бірдей. Боз кілемге шыққан сайыскерлерге 5 минуттық тартыста аяқ қолмен соққы жасаумен қатар күрестің шалып жығу, лақтыру және дзюдоның тұншықтыру немесе қарсыласты тырп еткізбей ұстап тұру сияқты амал-тәсілдерін қолдануға болады. Іріктеу сынында 6 салмақ дәрежесі бойынша бас жүлдеден 30 палуан дәмелі болған. Негізгі талаптарды мүлтіксіз орындаған 12-сі ғана ақтық сынға шығып, мақсаттарына бір табан жақындады. 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қорытынды кездесуде қостанайлық лейтенант Қанат Самылтыров қарсыласынан әлдеқайда ұтымдырақ қимылдап, чемпион атанды.

Қанат Самылтыров, 6697 әскери бөлім құрамасының мүшесі, Қостанай қаласы:
-Жарыс деңгейі жақсы болды. Қарсыластар тәжірибелі. Бір сыннан өттік, енді республикалық жарысқа
дайындаламыз.

Ал 68 келіде
петропавлдық офицер Максим Плетневтің шеберлігі асты. Жерлесіміз 4 белдесудің барлығында қарсыластарын  айқын басымдықпен ұтты. Енді өткен жылғы ел біріншілігінің жеңімпазы жетістігімді қайталауға аттанамын дейді.

Максим Плетнев, 6637 әскери бөлім құрамасының мүшесі, Петропавл қаласы:
Жекпе-жектерім оңай болды деп айта алмаймын. Бұл тіпті жақсы. Өйткені бәсекелестік мықты болса үлкен жарысқа дайындық соғырлым жақсы болады.

Жарыс қорытындысы бойынша командалық бас жүлде
Қостанай қаласына бұйырды. Екінші орын алаң иелерінде. Үшінші орынды көкшетаулық әскерилер жеңіп алды. Жекелей есепте  үздік атанғандар Шымкент қаласында өтетін республикалық додада бақ сынайды.

 

Денсаулық спартакиадасының аясында облыс орталығының өндірістік ұжымдары конькимен жүгіруден жарысқа түсті. Мұз айдынындағы дәстүрлі жарыста кәсіпорындар  қызметкерлері осымен 9-шы рет кездесіп отыр. 

  

 Конкимен жүгіру додасы облыс орталығының 9 өндірістік ұжымын жиды. Бірқатары спорттық шараларға ұдайы қатысып, жетістіктерін еселеуді көздесе, апта бойы жұмыстан шаршаған денелерін сергітіп алмаққа жарыс жолына шыққандар да бар. Осылайша олар бұқаралық спорттың дамуына жол салады.

Жанат Мұхамедғалиев, Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы:
Денсаулық спартакиадасының аясында бұл өндірістік ұжымдар арасындағы екінші жарыс. Көпсайысты шаңғышылар бастаған еді. Жалпы бағдарлама бойынша олар спорттың 11 түрінен жарысулары керек. Бұның бәрі тұрғындардың 30 пайызын спортқа тарту үшін жасалып отыр.

Тұрғын үй
коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы Амангелді Жиентаев аяғына конкиді алғаш рет бала кезінде байлаған. Кейін қызмет бабымен сүйікті әуестігінен қол үзіп алған. Енді ол осындай жарыстардың жиі ұйымдастырылуын құптап отыр.

Амангелді Жиентаев, Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы:
Кешке қол бос болған кезде,  сенбіжексенбі осында келіп тұрамын. Енді өз бағымды сынап көрдім, жеңбесек те, ең бастысы қатысу ғой. Салауатты өмір салтын қолдап, денсаулықты нығайтуға жарыстарға қатысып жүрмін.

Петропавл арақ
шарап зауытының құрамы дәстүрлі жарыста үш жыл қатарынан жүлдеге ілігіп жүр. Кәсіпорын басшылығы спортқа көп көңіл бөледі.  Бастама жұмысшылар тарапынан да үлкен қолдауға ие болды.

Сағидолла Мұстафин,  “Петропавл арақ-шарап зауыты” ЖШС спорт бөлімінің меңгерушісі:
Өзіміздің зауытта спорт залы бар. Онда жұмысшыларымыз спортпен айналысады. Ішкі жарыстар өткіземіз. Жұмысшыларымыз жақсы қатынасады. Спорттың арқасында зауытта тәртіп те түзелді.

Бүгін мұз айдынында жарысқан өндірістік ұжымдар келесі жолы  жүзуден шеберлік байқасады.