МТРА жаңалықтары

Облыста көктемгі су тасқынына әзірлік басталды.

 

 

 Төтенше жағдайдар департаментінің инженері Азамат Құсайынов әр көшенің тұрғындарымен кездесіп, су тасқынынан сақ болудың шараларын түсіндіруде. Бұндай жұмысты ол жыл сайын көктемде, қардың көбесі сөгіле бастаған тұста жүргізеді. Толстой көшесінің тұрғыны Николай Демидов үшін наурыз айы қарбаласқа толы. Жылғадан су аққанша бар қарды лақтырып үлгеру керек. Әйтпесе, үйді су басып кетеді.

 Азамат Құсайынов, СҚО бойынша төтенше жағдайлар департаменті басқармасының инженері:

-Көктемде Петропавлдың Бензострой, Заречный, Жұмысшы, Былғары зауыты аудандары қар ерігенде су астында қалуы мүмкін. Сондықтан шатырларды тазалап, жұмыс істеу керектігін айтамыз.

Тұрғындардың көпшілігі өз аумақтарындағы қарды көшеге итере салуға әуес.  


Тамара Ачкасова
, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Біз көшіп келген кезде онша су баспайтын. Бірақ өткен қыста еденнің астында, аулада су тұрды. Менің жолдасым Камазда істейді , сондықтан, жыл сайын қарды қала сыртына шығарып тұруға тырысамыз.  


Облыста су тасқынына дайындық аясында  “Көктем-2010” командалық-штаб жаттығулары өткізілді. Су тасқынының алдын алу жұмыстарына облыс орталығына 30 миллион теңге қарастырылды. Аудандар да өз бюджеттерінен бұл мақсатқа қаржы бөлген. Құтқарушылардың айтуынша, биылғы қыстағы қар мөлшерден көп емес. Бірақ күн күрт жылынса, кейбір аудандардың суда қалу қаупі бар.