МТРА жаңалықтары

Біреулер шөлдеп отырса, біреулерді су басып жатыр

Жалғызбасты зейнеткер Галина Плотниковаға баспанасына келетін судың тоқтап қалуы қиын соғып отыр. Аяғы сыр берген науқас әйелге жүріп-тұрудың өзі оңай емес. Ал қарияның суды алыстан шелектеп тасып жүргеніне бір апта болды.

Галина Плотникова, зейнеткер:
Екінші қабатқа көтеру менің жасымда оңай емес. Не істейсің, су керек, басқа амал жоқ. Қыстың соңғы күнінен бастап осындай мәселеге тап болдық. Апта бойы сұрап едік, әйтеуір наурыздың 6-ы бір рет әкелді. Ол көпке жетпейді.

18 пәтерлі үй тұрғындарының көпшілігі Галина апай сынды денсаулығы нашар аға буын өкілдері. Судың болмауы жас отбасыларының да бас ауруына айналған. Маргарита Кабанцова 4 жасар кішкентайы Алексейді ертіп, күн сайын суға барады. Жақын маңдағы колонкаларды аралап шыққан Маргарита іздегенін таба алмады. Құдықтар аязға шыдамай, істен шығып қалған. Су үш шақырым жердегі құдықта ғана бар, бірақ лай, асқа пайдалануға жарамсыз.

Маргарита Кабанцова:
Күніне үш фляга су кетеді. Өйткені тамақ әзірлеу, үй мен киім кешекті тазалықта ұстауға көп су керек. Пәтерлер санитарлық желілерге қосылған. Сусыз тіпті қиын болып тұр.


«Петропавл су» кәсіпорынының қайта-қайта есігін қағып табандарын тоздырған көпқабатты 10 үйдің тұрғындары бүгінге дейін мардымды жауап алған жоқ. Былғары зауыты ауданының бір жағы осылайша шөлдеп отырса, екінші бөлігі судан арыла алмай әлек. Николай Кленских бір түнде ауласының көлге айналғанын көріп, көктем келіп қалған екен деп ойлапты. Анықтап қараса, істен шыққан құдықтан аққан су жыра салып, аулаға кірген.
Судың деңгейі көтеріліп келеді. Ақау тез арада жойылмаса, тұрғындарға резеңке етікті былай қойып, қайықтың көмегіне жүгінуге тура келеді.

Николай Кленских:
Үйіме су кірді, іргетасы опырылайын деп тұр. Бір қыста осымен төртінші рет су басты. Көше бойы аққан суға да ақы төлейміз. Колонкалар істемейді. Апат қызметінің 342404 нөміріне хабарласа алмай қойдық. Желі бос емес немесе тұтқаны ешкім көтермейді.

“Петропавл су” АҚ
-на біз де қоңырау шалып көрдік. Кәсіпорынның директоры мен бас инженерінің телефондары үнсіз.