МТРА жаңалықтары

Ақ Олимпиада ойындарына қатысқан жерлестерімізге құрмет көрсетілді.

ХХІ қысқы олимпиада ойындарында ел құрамасының сапында екі солтүстікқазақстандық спортшы өнер көрсетті. Ванкуверден оралған қос конькиші бүгін облыс әкімімен кездесті.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Елбасы өз Жолдауларында спортқа ерекше мән береді. Соңғы Жолдауында ол қазақстандықтардың 30 пайызы спортпен айналысуы керек деген болатын.

Серік Біләлов өңірде спорттың дамуына, жастарды салауатты өмір салтына тартуға барынша жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, алдыңғы қатарлы спортшылар атаулы стипендияларға ие болуда. Осындай қолдаудың арқасында бала күнінен конькимен шұғылданған Роман Креч ересектер арасындағы беделді додада республика атынан өнер көрсетті. Юниорлар арасында жерлесіміз әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері атанған болатын. Облыс әкімі болашағынан зор үміт күттіретін спортшыға алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыс етті.

Роман Креч, ХХІ қысқы олимпиада ойындарына қатысушы:
– Мен өзімнің көрсеткішімді 4-ке бағалар едім. Өйткені өзге спортшылармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары нәтижеге қол жеткіздім. Дайындалып шынықсам, әлі-ақ олимпиада медаліне қол жеткіземін.

Ал 4 жылда бір рет өтетін қысқы олимпиадада екінші мәрте бағын сынаған Дмитрий Бабенко екі бөлмелі пәтерге ие болды. Спортшы Сочиде өтетін олимпиаданың жүлдесінен дәмелі.

Дмитрий Бабенко, ХХІ қысқы олимпиада ойындарына қатысушы:
– Мен коньки спортына, конькишілерге жасап жатқан қамқорлығыңызға алғысымды білдіремін. Алғашқы жаттықтырушымыз Николай Зубаревке де дән ризамын. Ендігі алдағы олимпиадаға дайындалатын боламыз. Оған дейін қысқы Азия ойындары бар.

Соңғы олимпиадада Қазақстан командасына Елена Хрусталева жалғыз күміс медальды тарту еткен болатын. Бесінші орынға тұрақтаған 3 отандасымыз бар. Жалпы Қазақстан құрамасы ХХІ қысқы олимпиадада 82 елдің арасынан 25-ші орынға тұрақтады.