МТРА жаңалықтары

Жастар аналар үшін мерекелік концерт ұйымдастырды.

” Жас Отан” жастар қанатының белсенділері халықаралық әйелдер күні қарсаңында тыл және еңбек ардагерлерін құттықтады. Құрметті қонақтарға облыс орталығының өнер ұжымдары мерекелік бағдарлама ұсынды. 

 

 

 Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жандарды облыс орталығының өнер ұжымдары құттықтады. Әсем ән мен тәтті күйге толы мерекелік кештің құрметті қонақтары еңбек және тыл ардагерлері. Қадірлі көрермендердің арасында Прасковья Подолей апай да бар. Тыл ардагері Ұлы Жеңістен кейін  темір жолда еңбек етті. Қария концертке шақыру күтпеген, бұл  тосын сыйлық болды дейді.

Прасковья Подолей:
– Мен үйде жақындарыммен туған күнімді тойлап жатқанымда қоңырау шалынып, мерекелік жиынға шақыру алдым. Келешек ұрпақтың аға буын өкілдерін ұмытпай, үнемі құрметке бөлеуі қуантарлық жағдай. Мен сияқты қарт адамдарға қандай болмасын көңілдің маңызы зор.

«Жас Отан» жастар қанатының белсенді өкілдері мереке иелеріне гүл шоқтары мен алғыс хаттар табыс етті. Концерттік бағдарлама әр қырлы болды. Мың бұралған қыздар би билеп, әсем әннен шашу шашылды.
 

Ләззат Бекішева, “Жас дарын” өнер мектебінің оқушысы:
-Көптеген әндерімнің арасынан ең әсемі “Санта – Лючияны ” таңдадым. Осы әніммен әйелдер қауымын құттықтаймын. Мен үшін бұл концертте өнер көрсету үлкен құрмет.

Ал домбырашы жігіттер өз құттықтауларын күй арқылы жеткізді.

 Айбек Данеров, өнер колледжінің студенті:
-Біз жастар ең алдымен аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуіміз  керек. Бүгінгі концертке өз өнеріммен әйелдер қауымының көңілін көтеріп құттықтауға келдім. Тек қана бақыт тілеймін.

Өнер ұжымдары мақсаттарына жете алды. Мерекелік көңіл–күйге бөленген қонақтар концерттен мол әсер алып тарасты.