МТРА жаңалықтары

Жүрегі жомарт

 Қалалық 1-ші емхананың терапия бөлімінің меңгерушісі Сәуле Жүнісова 11 учаскені бақылайды. Оның қарамағында 25 мың тұрғын бар. Бірақ дәрігер науқастарға қол ұшын беруден жалыққан емес.  

 

 

Медицина саласында 30 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман, жоғары санаттағы терапевт-дәрігер Сәуле Жүнісованың қабылдауына келетін науқастар көп. Өйткені пациентері көп жағдайда оның біліктілігін, өз жұмысына бар ынтасын салып, жан тәнімен берілетін қасиеттерін жоғары бағалайды.

Сәуле Жүнісова, №1 Петропавл қалалық емханасының бөлім меңгерушісі:
-Науқастардың бәрі бірдей емес. Бірі ауруы жайлы жасырмай толық айтып бересе, кейбірі  айтайын дегенін жеткізе алмайды. Осы сәтте оларды ренжітіп алмай, әдептілік, сыпайылық таныту қажет. Өз ісіңе жауапкершілікпен қарау керек. Өйткені адамдар денсаулығын бізге сеніп тапсырады ғой.

16 жыл бойы учаскелік дәрігердің қызметін абыройлы атқарған Сәуле Жүнісова бүгінде терапия бөлімшесіне жетекшілік етіп жүр. Оның қарамағына 25 мың тұрғыны бар 11 участок кіреді. Жауаптылығы жоғары жолды таңдаған жас мамандарға да ақыл кеңесін беруден жалыққан емес. Білікті жетекші отбасында аяулы ана, мейірімді әже.

Сәуле Жүнісова, №1 Петропавл қалалық емханасының бөлім меңгерушісі:
 -Менің екі қызым бар. Тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсірген қыздарымды қияға қондырдым. Екі немере сүйіп отырмын. Біреуі жетіге шықты, екіншісі әлі екі айлық.

Шаңырағының берік қазығы, қызметінде білікті маман Сәуле Жүнісова  халықтың бірінші  байлығы – денсаулығы үшін  еңбек етуде.