МТРА жаңалықтары

Студенттер республикалық олимпиададан олжалы оралды.


 

 Шетел тілі бойынша республикалық олимпиаданың тарихы Қарағанды қаласында басталған екен. Араға 20 жыл салып, білім сайысын тағы да шахтерлердің қаласында өткізу туралы шешім қабылданыпты. Сайыскерлерді осы жолы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қабылдады. 16 тілде білім беретін жоғары оқу орнына бақ таластыруға 36 оқу орны  үміткерлерін үкілеп алып келді. Барлығы 215 студент. Тіл майталмандарының ең үздігі анықталатын сынға СҚМУ-нен 4 сайыскер қатысты. Оқу ордасының намысын қорғауға барған жастардың қоржындары бос қайтқан жоқ.

Евгений Тетюхин, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ герман филологиясы кафедрасының доценті:
-Біз 215 қатысушының ішінен 2,3,4-ші орындардан көріндік.
Жалпыкомандалық есепте республика бойынша 2 орынға тұрақтадық. Студенттердің ағылшын, неміс тілдерінде дайындаған жобалары олардың басқа елдің мәдениеті мен тілін жоғары деңгейде білетінін толығымен дәлелдеді.

Андрей Хомутовскийдің ағылшын тілін кәсіби деңгейде зерттеп, оқып жүргеніне 3 жылдың жүзі болған. Өнер алды қызыл тіл демекші шетел тілінің шешені жарыста ІІ орынды еншілепті.

Андрей Хомутовский, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
Мен мұндай жарыстарға бұрындары қатысып көрген емеспін. Алғашқы болса да, жемісті аяқталған сайыс көп әсерге бөледі. ІІ орынды аламын деп ойлаған жоқпын.

Александр Балацкий үшінші орынды місе тұтты. Дегенмен бұл жүлде
болашақ тіл маманына оңайлықпен келмеген. І турда  Александр Балацкийдің жұмысы лайықты бағасын ала алмай қалыпты. Өзінің берген жауабына сенімді болған ол қайта тексеруді сұраған. Сөйтіп, табандылығының арқасында өзінің білімін толық дәлелдеп шықты.

Александр Балацкий,  М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
Мен І турда сүрініп, еңсем түссе де, біліміме сеніп, қазылар алқасынан орындаған жұмысымды қайта қарауларын сұрадым. Айым оңынан туып, екінші турға жолдама алдым. Сөйтіп ІІІ орынды иемдендім.

Кәсіби тіл  маманы болуды мақсат тұтқан Александра Бешкова жүлделі орыннан көрінбегенімен, көп тәжірибе жинақтап қайттым дейді.