МТРА жаңалықтары

Кикбоксшы қыз-жігіттер ерледі.

 

 

 Ел чемпионатына облыс намысын қорғауға аттанған 7 спортшы құр қол қайтпады. 200-ге жуық кикбоксшының басын қосқан жарыс қызылжарлықтар үшін жемісті болды.

Нұрлан Әбірахманов,СҚО бокс пен кикбокс федерациясының орындаушы директоры:
-Жастар намыстарын абыройлы қорғап шықты. ІІ орынды Темірлан Шәйменов пен Инабат Малғаждарова еншіледі. Екі спортшы да күміс алқаға қол жеткізді.
Қоржынымызда қола медаль да бар. Роман Дубровный ауданнан келіп жаттығады. Сондықтан бұл нәтижелі көрсеткіш.

Кикбоксингпен 2 жыл бойы талмай шұғылданып жүрген Темірлан Шәйменов
 І дәрежелі спортшы. Кикбоксшы әрбіреуі 2 минуттан тұратын 3 раундтық жекпе-жек өткізді. 3 кездесудің екеуінде жеңіп, күміс жүлдені еншіледі.

Темірлан Шәйменов, жарыс жүлдегері:
-Жарыс жоғары деңгейде болды. Бірінші сында қарағандылықпен жекпе-жекке шықтым, кейін шымкенттікпен иық тірестірдік. Соңғы қарсыласым- өскемендік азамат айқын басымдылық танытып, менің алдымды орап кетті.

Айта кету керек, спорттың аса қиын түрінен облыс атынан жалғыз қыз аттанған болатын. Омбыда өткен “Ермак кубогында” І орыннан көрінген Инабат Малғаждарованың айы осы жолы да оңынан туды.

 Инабат Малғаждарова, жарыс жүлдегері:
-Екі қарсыласым болды. Біріншісін 3:0 есебімен жеңдім. Жалпы осы спорт ұнайды.
Аяқ пен қолдың үйлесімділігін қажет ететін әдемі спорт. Тек ерлер үшін ғана емес, нәзікжандарға да қажет деп есептеймін.

Қазір өңіріміздің жас былғары қолғап шеберлері наурыз айының соңында өтетін Қазақстан кубогына дайындалуда.