МТРА жаңалықтары

Облыста жалақы жөнінен162 миллион теңге қарыз бар.

 

 

Қазір облыста жалақы қарызы 162 миллион теңге. Ақпандағыдан 35 миллионға қысқарған. Бірақ кәсіпорындарда айлап жалақы көрмеген жұмысшыларды мұнымен жұбату қиын. Облыс прокурорының орынбасары Қайрат Бұрыбаевтың мәліметі бойынша, заңды бұзып, жұмысшыларын жалақысыз қан қақсатқан жетекшілерге қатысты шаралар қолданылуда.

Қайрат Бұрыбаев, СҚО прокурорының орынбасары:

-Ұзақ уақыт жұмысшыларға жалақы төлемеу фактісі бойынша “Биохим” АҚ филиалына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кінәлілер жауапқа тартылады. Бірқатар кәсіпорындардың есеп-шоттарындағы қозғалыс тоқтатылып, мүлік пен негізгі айналымдағы ақшаны тәркілеу үшін істер сотқа дайындалуда.

Жыл басынан жеті кәсіпорынға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Төрт аудандағы жағдай көңіл көншітерлік, жұмысшылардың еңбекақысы төленіп тұрады екен. Ал қалған аудан әкімдері түрлі себептер айтты. 16 миллион теңге жалақы қарызы бар Айыртау ауданының әкімі Ержан Айнабеков бірінші болып сөгіс алды.
Бір айдың ішінде жалақы берешегін азайту орнына 5,5 миллион теңгеден 6,5 миллионға жетуге жол берген Тимирязев ауданының әкімі Қайрат Қасенов те сөгісті болды. Шал ақын ауданының әкімі  Азамат Әмрин де осы екеудің  кебін киді. Жағдайды наурыздың 10-на дейін түземесе аудандар әкімдері өздері де жалақысыз қалып, орындарын босатулары мүмкін. Аққайың ауданындағы «Черкасс» серіктестігі 13 миллион теңге жалақы қарызын өтей алмай отыр. Облыс әкімі серіктестік қарайтын инвестор-компания «Трансавто» басшылығымен кездесіп, міндеттерін еске салу керектігін айтты. Әр жұмысшының отбасы бар, олар азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етілуі керек. Бірнеше айлап ақшасыз отырған жұмысшылар мәселесі жақын күндері шешілуі қажет.

 

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Ешқандай себептер мен сылтаулар қабылданбайды. Аудан әкімдері ішкі істер бөлімдерімен, прокуратурамен бірлесіп осы жұмысты атқаруы тиіс. Түрлі себептер бар. Бірақ жұмысшыны ақшасыз қинауға болмайды. Наурыздың 10-на дейін жалақы қарызы түгел өтелуі керек.


Жұмысшылардың тиесілі еңбекақыларын уақтылы алуын, өзге де мәселелерінің шешілуін қамтамасыз ететін кәсіподақ ұйымдары әр агроқұрылымда болуы керек. Бір ай ішінде 10 ұйым ашу міндетін төрт аудан толық атқарған. Қалғандары жұмысты қолға ала бастағанымен, облыс әкімі тапсырған межеден көріне алмай отыр. Облыстағы 622 агроқұрылымның 174-нде кәсіподақ комитеті бар. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпауды тапсырды.


Серік Біләлов,Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Аудан әкімдері сәуірдің біріне дейін өздеріндегі агроқұрылымдардың 50 пайызында кәсіподақ ұйымдарының құрылуын қатаң бақылауға алсын. Ұйым жетекшісі кәсіпорын, шаруашылық басшысы мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынасты, еңбек заңдылығының орындалуын бақылайтын болады. Мониторинг жүргізеді. Заң бұзушылық бар екен, дереу хабарланып, шара қолданылуы тиіс.

Облыс әкімі мәселенің қаншалықты шешілгенін бір айдан кейін байқаймыз деді.
Аудан басшыларының іскерлігі осы жұмыста анықталмақ.
 

  

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің облыстық басқармасы мен тәртіптік кеңеске жаңа басшы тағайындалды. Бұдан былай басқармаға бұл салада тәжірибесі бар Тілеген Қаскин жетекшілік етеді. Жаңа басшыны ұжымға облыс әкімі таныстырды.   
 

Облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер және идеология бойынша орынбасары болған Тілеген Қаскиннің мемлекеттік қызмет ісінде біршама тәжірибесі бар. Өзі ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет істері академиясын тәмамдап, 2001-2004 жылдар аралығында облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқармада бастықтың орынбасары, кейін басшысы қызметтерін атқарды. Облыс әкімінің орынбасарлығындағы 1 жарым жылдан соң Тілеген Қаскин басқарманың басшысы болып қайта тағайындалып отыр. Облыс әкімдігіндегі жемісті қызметі үшін өңір басшысы Серік Біләлов Тілеген Қаскинге Құрмет грамотасын табыс етті. Өңірге келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Асқар Шоманов жаңадан тайындалған басшының алдына бірқатар міндеттер қойды.

 Асқар Шоманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары:
-Тәртіптік істерді қарап, жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын қадағалау керек. Алайда тәртіптік кеңес жазалайтын емес, қайта мемлекеттік мекемелердің жақсы жұмыс істеуіне септесетін орган екенін ұмытпаған жөн. Міне, жүктелетін міндет салмақты. Оны Сізге сеніп тапсырып отырмыз.