“Қызылжар” футбол командасы ел біріншілігіне әзірлікке кірісті.

МТРА жаңалықтары

3:44 4 Наурыз 2010

 «Қызылжар» футбол командасы спорт сүйер қауымға 1968 жылдан бастап «Авангард» атауымен белгілі. Содан бері құрама мүшелері Солтүстік Қазақстан облысына 153 жеңіс әперді. Футбол командасы 2009 жылы «Қызылжар»  деп аталып,  жас ойыншылармен толықты. Десек те тәжірибелі  футболшылар да жоқ емес. Мәселен, Александр Чепукавичус пен Роман Селиверстов  әбден шыңдалған спортшылар. Ағымдағы жылдан бастап клуб президенті тізгіні Валерий Евдокименкоға тапсырылды.

 Валерий Евдокименко,  «Қызылжар» футбол клубының президенті:
-Менің жаңа қызметке келгеніме 4 күн ғана болды. Содан бері телефон соғу толастар емес. Себебі футбол жанкүйерлері облыс құрамасының тірлігін біліп отырғысы келеді. Команда үшін алаңдайды.

Валерий Евдокименко спортшылардың бағындырар асулары көп дейді. Сондықтан мамырда І лига бойынша өтетін Қазақстан біріншілігінде  жақсы өнер көрсету үшін спортшыларды үш бірдей дайындық курсынан өткізу қажеттігін айтады. Оның біріншісі Зеренді қаласында болады. Онда спортшылар 11 күн жалпы жаттығудан өтеді. Келесі жолы Шымкентке аттанады. Осылайша біраз жаттыққан  жастар іріктеуден өтеді . Айта кету керек, наурыздың бірінен футбол федерациясына өңір басшысы Серік Біләлов өзі төрағалық етуде.

Валерий Евдокименко,  «Қызылжар» футбол клубының президенті:
-Облыс әкімінің футбол федерациясына төрағалық етуі спортшыларды жігерлендіріп отыр. Өңір басшысы жуырда ғана спорт залында футболшылармен кездесті. Жастармен тікелей араласу арқылы футболдың дамуына барлық жағдайдың жасалатынын тілге тиек етті.


Тағы бір жаңалық –  құрамаға талай жеңіс сыйлаған спорт шебері Юрий Чухлеба енді команданың бас жаттықтырушысы.

Юрий Чухлеба,  бас жаттықтырушы:
– Біз аттанғалы тұрған іріктеу жұмысы өте орынды. Осы жолы 25 спортшы мен 3 жаттықтырушы барады. Келесі іріктеу деңгейіне ең мықтылары ғана өтеді.