МТРА жаңалықтары

«МузАрт» тобы қызылжарлық аруларды құттықтады.

Өнер әлемінде өз орнын тапқан “МузАрт” тобының ән кешіне халық көп жиылды. Залда бір бос орынның болмауы – әнші жігіттердің халық қошеметіне барынша бөленіп отырғандығының айқын айғағы. Елімізге танымал эстрадалық топтың Қызылжар өңіріне бұл алғаш рет аяқ басуы емес.

Сәкен Майғазиев, әнші:
– Қызылжар мекені Аллаһқа шүкір, бізді жақсы қарсы алады. Қызылжар ғана емес еліміздің әр жері, шетелдердегі қазақтар да құшақ жая қарсы алады. Көпшіліктің сұрауы бойынша осы үлкен залда өткізуді ұйғардық.

«МузАрт» тобының концертін өнер десе ішкен асын жерге қоятын солтүстікқазақстандықтар ыстық ықыласпен қарсы алды. “Шашбаулым”,”Бір тамшы көздің жасындай”, “Не деген көркем едің”, “Сағындым Алматымды”, “Есіңе ал” – халықтың айырықша сүйіспеншілігіне ие болған туындылар. Кеште ретро әндермен қатар, топтың репертуарына жаңа енген шығармалар да орындалып, әнші жігіттердің өнеріне ынтық жандардың жүрегінен орын тапты. «МузАрт» тобының құрамында біраз өзгерістер бар. Топ аспаптық орындаушылармен толығып, вокалдық-аспаптық ансамбльге айналған.

Мейрамбек Бесбаев, әнші:
-Музыкалық продюсеріміз бар Арманбек Сұлтан деген. Қатарымыз кеңейтілгелі 50 шақты адам жұмыс істейді. Жігіттердің бәрі өнерлі. Жұмыла көтеріп жатыр.

Қызылжарлықтар сүйікті әншілерін әбден сағыныпты. Жігіттердің ән мөлдірінен сусындатқан шабытты сәтіне куә болған көпшілік кеш бойы оларды барынша демеп, қошемет көрсетумен болды. 8 наурыз мерекесі қарсаңында келген күміс көмей жігіттер ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектердің құрметіне тамаша әндер шырқады. Көпшіліктің көзайымына айналған топ бүгінде алыс-жақын шетелдерге де шығып, жеке концерттерін беріп жүр. Әнші жігіттердің жоспарлары көп. Алдағы уақытта да жаңа әндер жазып, өнерсүйер қауымды қуанта бермек.