МТРА жаңалықтары

Отан үшін от кешкен ару

1941 жылы соғыс басталғанда Миннигүл Кряжевских 17 жаста еді. Жас қыз құрдастарымен бірге бұл хабарды ести сала қалалық әскери комиссиаратқа барып, есепке тұрады. Алдымен бір ай Петропавлда, кейін екі ай Ташкентте радистер даярлайтын курсты оқып бітіргеннен кейін әлі кәмелеттік жасқа толмаған Минигүл Оңтүстік-Батыс майданда ұрысқа кіреді. Төрт жыл ішінде Минигүл Хасанқызы Харьков бағытында 1,2 -інші Белорусь, 1,2 -інші Украин майдандары құрамында көптеген шайқасқа қатысады.

Миннигүл Кряжевских, Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Мен Сталинград түбіндегі шайқаста командирдің бұйрықтарын жеткізіп отырдым. Бұл жерде үлкен қантөгіс болды. Жарылған бомбалардан қара жер ойылып қалатын, Волга өзені қайнап жатты. Көрініс өте қорқынышты болды. Еске алу да қиынға соғад, әйтеуір аман қалдық.

Миннигүл Кряжевских соғыс жылдары радист те, дәрігер де, барлаушы да болып қызмет етті. Ажалы жоқ екен, жауынгер Жеңіс туы желбіреген 45ші жылдың мамырын қуанышпен қарсы алды. Бірақ оның жүрегіне соғыс салып кеткен жара ұзақ жылдар бойы жазылмады. Қанды шайқастар әлі көз алдында.

Миннигүл Кряжевских, Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Бірнеше жыл бойы есімді жинай алмай жүрдім.
Мен өзімді бейбітшілік орнаған сәтте де шайқасып жүргендей сезіндім. Айнала қоршаған фашистер секілді. Есімді тек 10 жылдан кейін жидым. Мен соғыстан аман қалғаныма әрең сендім.

Бүгінгі күні Миннигүл Кряжевскихтің майдангер жолдастарынан ешкім қалмады. Тек фотосуреттерге қарап, оларды еске алады. Қазіргі таңда майдангер 3 қыз бен 5 немере сүйіп, бейнетінің зейнетін көріп жүр.