МТРА жаңалықтары

Мерейтойларға әзірлік басталды.

Елбасы биылғы Жолдауында ” мәдениет, әдебиет және өнер майталмандары ғана халыққа жаңа рух беріп, тың идеялармен серпілте алады” деген болатын. Жиынды ашқан облыс әкімі кітапхана, мұражай, театр, жалпы өнер ошақтарын қолдаудың маңызын атап көрсетті.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Елге, отанға деген сүйіспеншіліктің барлығы осы жерден басталады.

Ағымдағы жылы облыста Ұлы Жеңістің 65 жылдығын, Сәбит Мұқановтың 110 жылдық мерейтойын абыроймен өткізу міндеті тұр. Жиында облыс әкімі осыған қатысты бірқатар мәселелердің шетін шығарды.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сәбит Мұқановтың 110 жылдығына орай облыстың зиялы қауымы Тимирязев ауданын жерлес жазушының атымен атау жөнінде Президентке өтініш білдіріп, хат жолдаған болатын. Елбасы бұл ұсынысқа қарсы емес. Тек қана жергілікті жерде халықпен ақылдасып, бір шешім шығару керек.


Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан қаламгер жерлесіміз Сәбит Мұқановтың есімін ауданға беру тапқан ақыл, халық та қолдайды дейді өлкетанушылар.

Социал Жұмабаев, – «Асыл мұра» орталығының өкілі, өлкетанушы:

-Бұл халықтың мұңы сияқты, екі қаламгердің аттарының қатар тұрғаны керек, екеуі бірге өскен, бірге қызмет еткен.Бізге халық хат жазып жатыр қолдап.


Сондай-ақ ағымдағы жылы бірқатар елді мекендердің тарихи атаулары қалпына келтірілмек. Өңір басшысы қазір Қожаберген жыраудың ат үстінде, домбыра ұстаған мүсінінің дайындалып жатқанын жеткізді. Серік Біләлов жырау ескерткішін қоятын жақсы орын табуды қала әкіміне тапсырды. Сондай-ақ өлкетанушылар Қожаберген жырау есімі облыс орталығындағы бір көшеге берілсе деген өтініштерін де жеткізді. Жиында Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының да жоспарлары тыңдалды. Қазір өнер ұжымы жазушының туған күнінде “Балуан Шолақ» пъесасын сахналауды көздеп отыр.

Қуандық Қасымов, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының директоры:

-«Балуан Шолақ» бойынша спектакль әзірлеп жатырмыз. Оны жазған белгілі драматург Дулат Исабеков. Сәбиттің туған күні 22 сәуірде көрерменге тарту етеміз.

Өңір басшысы “Нұрлы көш” бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаражаттың бөлінетінін айтты. Оған оралмандарға арналып Бәйтерек ауылында 140 үй салынады. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтіп, дамыту жағы да басты назарда болады. Басқосуда белсенді еңбек еткен мәдениет қайраткерлері марапатталды. Облыс әкімі 5 жерлесімізге “Мәдениет қайраткері” төс белгісін тапсырды. Жамбыл аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Балтабай Рамазановтың осы саладағы еңбек өтілі 20 жылдан асады. Ол экономика дамыған сайын мәденит саласына деген мемлекеттің қолдауы да өсіп келеді дейді. Есесіне сала қызметкерлеріне қойылатын талап та артқан.

Балтабай Рамазанов, Жамбыл аудандық мәдениет бөлімінің бастығы:
– Алдағы уақытта жұмыс көп. Сәбит Мұқановтың 110 жылдығын атап өтуге әзірленіп жатырмыз. Ризамын, еңбегім жақсы бағаланды.

Жиын соңында облыс әкімі мәдениет саласы өкілдерінің жұмысын жоғары бағалап, болашақта да осы биіктерден көрінулеріне тілек білдірді.

Үстіміздегі жылы атап өтілетін мерейтойлар және өзге де басым міндеттер осы күні мәдениет басқармасының кеңейтілген алқа отырысында сөз болды.

Өткен жылы өңіріміздің мәдениет саласында айтарлықтай шаруалар тындырылған. Жаңа мәдениет ошақтары пайдалануға беріліп, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылған. Көптің қолдауын тапқан “Жол картасы” іс-қимыл жоспары аясында облыс бойынша 40 нысан күрделі жөндеуден өтіп, жаңарып қалды.

Асқар Жәменов, Шал ақын аудандық мәдениет бөлімінің бастығы:

-«Жол картасы» бойынша 5 селолық клуб, аудандық мәдениет үйі жөнделді.


Мәдениет қызметкерлері үшін өткен жыл түрлі мәдени шараларға толы болған. Солтүстікқазақстандық өнерпаздардың ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де баршылық. Облыс кітапханаларының әдебиет қоры толыққан.

Бақыт Жалмағамбетова, Айыртау аудандық орталық кітапханасының директоры:
– Жыл сайын кітап қоры толығып отырады. Оның ішінде 80 пайызы қазақ тіліндегі әдебиет.

Отырыста кадр мәселесі де қозғалды. Осы күні өңірімізде арнайы білімі бар мәдениет қызметкерлері жеткіліксіз . Мәселен, Айыртау ауданында мамандардың елу пайызының , Мамлют ауданында қырық тоғыз пайызының ғана кәсіби білімі бар екен. Бұл көрсеткіш бойынша республика көлемінде біздің облыс соңғы орындарда. 2010 жылы алда жаңа міндеттер тұр. Сегіз ауданда мұражай ашу жоспарланған. Сондай-ақ үстіміздегі жыл айтулы оқиғаларға толы болмақ. Сәбит Мұқановтың 110 жылдығын, Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығын республика деңгейінде атап өту көзделіп отыр.Ұлы Жеңістің 65 жылдығы бар. Бұл шараларды тиісті деңгейде өткізу – биылғы басым міндеттердің бірі.