МТРА жаңалықтары

спорт сайыстары

Сенбі сайын волейбол ойнау- өңірде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды қадам. Облыс тұрғындарының 30 пайызын спортқа баулу – басты міндет. Дене шынықтыру кем дегенде 200 мың адамның күнделікті ісіне айналуы тиіс. Өңір басшылары өздерінен бастады. Облыс әкімі Серік Біләлов жұмыс костюмін спорттық киімге ауыстырып, әкімдіктің құрамасын волейбол алаңына бастап шықты. Олардың қарсыласы –  13 ауданның әкімінен тұратын құрама. Төрешінің ысқырығы естіле сала Серік Біләлов пен оның орынбасарлары ойын тізгінін өз қолдарына алды. 
Алғашқы партияны да, қалған екеуін де облыс әкімінің командасы өз пайдасына шешті. Аудан әкімдері матч соңына дейін жөнді ойын өрнегін көрсете алмады. Қорытынды есеп 3/0.  

 

 



 Депутаттар теннис ойнады  

 

Ал өңір депутаттары облыстық спартакиада аясында үстел теннисінен өз күштерін байқап көрді. Салауатты өмір салтын қолдап бәсекеге түскен халық қалаулыларының 12-сі  жекелей сында чемпион атану үшін 4 ойыннан өткізді.  

 

Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары костюмдерін спорт киіміне, күнделікті жұмыс орындарын спорт залына алмастырып, сайыс алаңына шықты. Облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов денсаулығын шыңдау мақсатымен көптен салауатты өмір сүру салтын ұстанады екен.  Әріптестерін біраз сергітіп алу үшін спорттың  бірнеше түрін қамтыған жарысты ұйымдастырып отыр.

Қайырлы Едіресов, облыстық мәслихат хатшысы:
-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жолдауында халықтың денсаулығы – елдің байлығы деп айтқан. Солтүстік Қазақстан облысында  217 депутат бар, солардың араларында спорттың әр түрінен жарыс өткізіп жатырмыз. Біз профессионал емеспіз, мақсат – біздің ісімізді жастар көрсін деп үлгі беру.

Шапшаңдықты талап ететін үстел теннисінде Қайырлы Едіресов өзінен әлдеқайда жас сайыскерлерден кем ойнаған жоқ, 12 бәсекелесінің арасынан үздік үштікке енді. Тимирязев аудандық мәслихатының депутаты Есімбай Қоқанов 6 мәрте жеңіске жетіп, өз тобының көшін бастады.

Есімбай Қоқанов, Тимирязев аудандық мәслихатының депутаты:
-Жасымыз келсе де қатынасып жүрміз. Әсіресе бұл жастарға керек. Тимирязев ауданында спортқа қатысатын жастар көп, ДЮСШ-лар істеп жатыр. Бұдан өзіміз де үлкен адамдар шет қалмаймыз.

Қорытынды кездесуде Есімбай Қоқановтың жеңісті жолын Қызылжар аудандық мәслихатының депутаты Виктор Асофев кесіп бас жүлдені иемденді. Сондай-ақ бұл күні шахмат пен боулинг тартыстарында жеңімпаздардың есімдері анықталды. Алда халық қалаулыларын шаңғы және жаппай жүгіру додасы күтуде.

 



 

«Солтүстік» спорт мерекесінің жеңімпазы анықталды.

 

Петропавлда облыстық “Солтүстік ” спартакиадасы мәресіне жетті. Дәстүрлі жарыс спорттың 7 түрін қамтыды. Жалпы командалық есепте жеңімпазды шайбалы хоккейден өткен соңғы сын анықтады.

 


Президенттік көпсайыс, шаңғы, биатлон, коньки, шорт-трек, шайбалы және допты хоккей сынды қысқы спорт түрлері жыл сайын өңіріміздің барлық 13 ауданының үздіктерін жияды. Жарыс тәртібі мен ережелері сол бәз- баяғы қалпында өзгертілмеген. 30 жылдық тарихы бар спартакиаданың үздік командалары да өз деңгейінде. Доданың алғашқы күнінен   Қызылжар, Тайынша, Ғ. Мүсрепов, Есіл аудандарының құрамалары дәстүрлі түрде көш бастады.


Александр Васильев, бас төреші:
-Көпсайыс және шаңғы жарыстарында алғашқы үш орынды осы командалардың өкілдері өзара бөлісті. Бұл аудандарда қысқы спорт түрлері жақсы жолға қойылған. Сондықтан жыл сайын негізгі бәсекелестік осы құрамалардың арасында өтеді.


Спартакиаданың нүктесін шайбалы хоккейден өткен қорытынды сын қойды. Үш топқа бөлінген хоккейшілер алдымен іріктеу сындарынан өткен болатын. Онда суырылып алға шыққандары  ақтық сайысқа қатысу үшін жолдамаға таласты. Нәтижесінде Қызылжар мен Аққайың аудандарының құрамалары соңғы сайысқа шықты.

Олег Павлюченко, Қызылжар ауданы құрамасының мүшесі:
-Ойын өте қызықты болады. Жыл сайын ақтық сында кездесеміз.  Бізге тек жеңіс керек. 

Қызылжарлықтар  айтқандарында тұрды. 4 кезең бойы шайбаға қарсыластарын жуытпай, өздеріне ұтымды ойын өрнегін құра білді. Толассыз шабуылдары  нәтижесіз болмай, қақпаны дәл көздеумен аяқталып отырды. Осылайша матч соңында қызылжарлықтардың соққан 8 голы жауапсыз қалып, аққайыңдықтар ойсырай  ұтылды.  Қызылжар ауданының құрамасы өткен жылғы жетістігін қайталап,  жалпыкомандалық есепте чемпион атанды. Аққайыңдықтар екінші орында. Соңғы жүлделі орын Ғ. Мүсірепов ауданының  әуесқой спортшыларына бұйырды.

 



 

Үстелдегі  ойындар да қызықты өтті.

 

№12 орта мектеп пен тірек-қимыл жүйесі зақымданған мүгедек балаларды сауықтыру және бейімдеу эксперименталдық орталығының оқушылары үстелдегі  ойындар бойынша турнир өткізді. Сайысқа 16 жеткіншек қатысты.  

 

Жарыс тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат және үстел теннисінен өтті. 5-9 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған дода   тоғызқұмалақтан басталды. Қазақтың ұлттық ойынына үлкен қызығушылық танытып жүрген Александр Ягодик І орынды еншіледі. Қыздардың арасында Алена Моор биіктен көрінді.
Бес жыл қатарынан патшалар ойынымен әуестеніп жүрген Сәлімхан Сәбитовтың айы осы жолы да оңынан туды. Шахмат шебері ала тақта үстінде үздік ойын көрсетті.  

Сәлімхан Сәбитов, Тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларды сауықтыру және бейімдеу эксперименталды орталығының тәрбиеленушісі:

-Мен шахмат ойнадым. І орын алдым. 12 мектеп оқушыларымен таныстым. Жаңа достар таптым. Осындай ойындар көбейе берсін.

Ала тақта үстінде өтетін интеллектуалдық ойындардың келесі түрідойбыдан таң қаларлық нәтижелер көрсетіп,  І орыннан  Андрей Простолупов көрінсе, екінші орынды 5 жасар Олег Корольков иемденді. Дойбымен 3 жасынан әуестеніп жүрген турнирдің ең кіші қатысушысы үлкендердің де алдын орап кететін көрінеді.

Олег Корольков:
Маған дойбы ойнаған ұнайды. 2 жыл қатарынан айналысып келемін. Әлі талай турнирлерде жүлделі боламын деп ойлаймын.

Үстел теннисінен 8 қатысушының 4-уі қорытынды ойынға өтті.
Финалистер арасында нәзік жандар да бар. Яна Лунева 11/7 есебімен қорытынды сынға жолдама алды. Сыртқы ортамен еркін араласа алмайтын азаматтар үшін достық қарым-қатынас орнатуда осындай сайыстардың берері көп.

Мария Королькова,  №12 орта мектептіңбалалар және жасөспірімдер клубының ұйымдастырушы- педагогы:
-Мақсатымыз – мүгедек балалардың қарым-қатынас аясын кеңейту, өздерінің әріптестерімен қоян-қолтық араластырып, достарының қатарын көбейту. Жалпы біз әрдайым араласып тұрамыз. Мәселен, өткен жылы Наурыз мерекесін де бірге қарсы алған болатынбыз.


Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар сыйлықтарға ие болды. Турнир үздіктеріне дойбы және шахмат жинағы, футболка сыйға тарту етілді.