МТРА жаңалықтары

Оқушылар ардагерге қонаққа барды.

 

 

Алтыншы сынып оқушылары Ұлы Отан соғысы туралы тарих сабағынан біледі. Қан майданда от кешкен ардагерлермен кездесіп, олардың әңгімесін өз ауыздарынан естуге қызыққан  жеткіншектер арнайы дайындалып, өлеңдер жаттапты. Демалыс күні қолдарына тәттілерін алып, оқушылар ардагер Петр Сырыцинның үйіне келді.   Бұндай кездесудің сыныптағы сабақтан да маңызды екендігін   мұғалімі де жасырмайды.

Надия Байбекова, № 4 орта мектеп мұғалімі:

-Ұлы Отан соғысы туралы кітаптан оқу мен сол майданды көзбен көрге адамның әңгімесін тыңдаудың айырмасы жер мен көктей.

Майданға аттанған Петр Кузьмич қайнаған ұрыстың ортасына түсіп,  Сталинградты қорғауға  қатысты. Үш айдан соң басынан жарақат алып, 2,5 жыл бойы госпитальдарда емделген. Сөйтіп, жауынгер Жеңіс туы желбіреген 9 мамырды емханада қарсы алды. Қарт майдангер үшін Ұлы Жеңіс мерекесінен артық мейрам жоқ. Бұл күнді жыл сайын асыға күтеді.

Петр Сырыцин,  соғыс ардагері:

Жыл сайын алаңдағы митингіге барамын. Бармай қалған жылым болған емес.


Ардагер аталарының әңгімелерін тыңдаған оқушылар Жеңіс күнінің маңызын терең түсіне бастағандай.  

 

Айнагүл Құлыбекова, № 4 орта мектеп оқушысы:

-Олар біздің отанымызды қорғады. Олар осындай ерлік көрсетпегенде біз де болмас едік.

Сергей Кобко, № 4 орта мектеп оқушысы:

-Ол біздің елімізді жаудан қорғады. Біздің аспанымыздың ашық болуы үшін жан аямады. Жаужүрек аталарымыздың арқасында біз бейбіт күнде өмірге келдік.

 

Петр Кузьмич те жас ұрпақ  ардагерлерді еске алып тұрса, олардың ерліктері ұмытылмайды дейді. Сондықтан қатары сиреген Ұлы Отан соғысы ардагерлері қашан да көргендерін жас ұрпаққа жеткізіп отыруға әзір.

Пётр Сырыцын, соғыс ардагері:

-Бұл өмірдегі бір серпіліс сияқты. Балалар өмірді түсініп, аға ұрпақ сияқты ерлікке даяр болады. Осындай оқушыларды мақтан тұтамын. Келіп, жағдайымды біліп тұрады.

Мектеп оқушылары да ардагердің үйіне келіп, қолдан келген көмектерін көрсетіп, аталарының әңгімесін тыңдап тұруға әзір.