МТРА жаңалықтары

«СевКазЭнерго» енді облысты толық қамтиды.

Өңіріміздің бес ауданын “СевКазЭнерго” АҚ қызметіне көшіру – күн тәртібінен көптен бері түспей келе жатқан мәселе. Әкімдердің есептік кездесулерінде де осы проблеманы тұрғындар талай мәрте көтерген болатын. Енді бұл істің сәті түсейін деп тұрғанға ұқсайды. Облысымыздың оңтүстік аудандарының тұрғындары көп ұзамай электр энергиясы үшін өзге солтүстікқазақстандықтар секілді төлейтін болады.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Бүгінде тариф – 7,3 теңгені құрайды. Ал Көкшетау энергетика компаниясының қызметіне жүгінетін бес ауданның тұрғындары киловатына 12 теңгеден төлейді. Бірінші мамырға тариф тағы жоғарылап, 14 теңгеге жетпек. Осы күні қажетті шаралар қолға алынды. Солтүстікқазақстандық энергетиктер күніне 30 мегаватт энергияны бес ауданға тасымалдайтын болады. Тиісті құжаттар әзірленіп жатыр.

Осы орайда Серік Біләлов аудан әкімдеріне дайындық шараларын қолға алуды тапсырды. Екі ай көлемінде тұрғындарға қызмет көрсетуге байланысты туындайтын барлық сұрақтар жан-жақты қарастырылуы тиіс.
Сондай-ақ кеңесте энергетиктердің инвестициялық бағдарлама аясында соңғы екі жылда атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары қаралды. Қомақты қаражат 2-ші жылу электр орталығын жаңғыртуға және қалпына келтіруге жұмсалған. 2010 жылдың үлесіндегі істер де айтарлықтай.

Игорь Татаров, “СевКазЭнерго” АҚ басқарма төрағасы:
-2010 жылы 3,2 млрд. теңге қаржыны игермекпіз. Бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 37 пайызға жоғары. Үстіміздегі жылы 2-ші жылу орталығындағы күлтөккіштің 3-ші секциясының құрылысы жалғасын табады. Осы күні 1,4 млрд теңге игеріліп, 40 пайыз жұмыс атқарылды.

Биыл бұл бағытқа 850 млн. теңге қарастырылып отыр. Құрылыстың аяқталуы 2011 жылдың наурызына жоспарланған. Сонымен қатар инвестициялық бағдарлама аясында қомақты қаражат 2-ші жылу-электр орталығын қалпына келтіруге және қазандық пен турбина цехындағы қондырғыларды жаңғыртуға бағытталмақ. Облыс әкімі энергетиктердің жобаларына қолдау білдірді.

Ал сәуірдің бірінен тариф 42 тиынға қымбаттайды.

СКРЭК-тің тарифті қымбаттатуға берген арызы қанағаттандырылды. Таратушы компанияның қызметі 18 пайызға өсетін болып шешілді. Сәуірдің бірінен тұрғындар төлейтін тариф 7 теңге 72 тиынға жетіп, өсім 42 тиынды құрайды. Жоғарылатылған тарифтен түскен пайда толығымен инфестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталмақ.

Бастапқыда энергия таратушы компания өз қызметінің құнын 36 пайызға көтеруді көздеген-ді. Алайда эксперттік кеңестің саралауынан өтіп, қоғамдық тыңдауда талқыланған тариф өсімі 18 процентке дейін кеміді. Бұл екі жылға белгіленген мөлшер: «СК РЭК» компаниясының жарықты тасымалдау үшін алатын ақысы биыл 9 пайызға, 2011 жылы тағы осыншаға қымбаттайды. Сөйтіп, биыл қызмет құны 42 тиынға жоғарылап отыр. Алайда мамандардың айтуынша, біздің облыстағы тариф үкімет бекіткен деңгейден төмен.


Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО департаментінің директоры:

Республика бойынша біздің тариф ең төмен. Мысалы, Қостанай облысында 11,47теңгені, Ақмола облысында 11,98 теңгені құраса, Астананың өзінде 8 теңге 76 тиын.

Айта кетерлік жәйт, энергия тасымалдаушы компания барлық табысты инвестицияға жұмсаған
да ғана тариф жоғарыламақ. Ал инвестицияның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 80% облыс орталығындағы тозығы жеткен шағын стансаларды, желілерді жаңғыртуға жұмсалатын болады. Биыл 42 тиынға жоғарылаған тариф енді тек 2011 жылдың 1 қаңтарынан өзгеруі мүмкін.