МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық эстрада және джаз музыкасы оркестрінің құрылғанына 10 жыл толды.

 

 

Осыдан он жыл бұрын  филармония директоры болған Геннадий Брюханов оркестр құруды ұсыныпты. Бұл ой көп ұзамай іске асты. Мәдениет басқармасы қаржы бөліп, оркестр құрамы жасақталды. 2000 жылғы ақпанның 23-інен эстрада және джаз музыкасы оркестріне музыканттар қабылданды.  Ұрмалы аспапта ойнайтын Рашид Сұлтанов оркестр құрылғалы осы ұжымда.

 

Рашит Сұлтанов, эстрада және джаз музыкасы оркестрінің музыканты:
– Осы уақытта біраз жолдан өттік. Қолдарына осында келіп аспап алғандар да бар. Бірақ негізгі құрам – кәсіби музыканттар. Олар өзгелерге музыканың күрделілігін үйретуде.


Джаз оркестрінде өнер көрсету Рашид Сұлтановтың бала күнгі арманы екен.  

 

Рашит Сұлтанов, эстрада және джаз музыкасы оркестрінің музыканты :
– Лампалы теледидардан джаз концертін көріп, осы өнерді ұнаттым. Оркестрде өнер көрсетуді армандадым. Бұл арман орындалды. Оркестрді құрдым, өнер көрсетемін, бақытты музыкантпын.


Оркестрдің көркемдік жетекшісі Геннадий Брюханов 10 жыл ішінде көп жұмыс атқарылды дейді. Алғашында тек 30-50 жылдардағы дәстүрлі джаз туындылары орындалды. Кейін басқа жанрдағы шығармалар көбейді. Ұжым былтыр қараша айында Ақтөбе қаласында өткен джаз музыкасы фестивалінде алғашқы үштіктен көрінді. Биыл жазда Алматыда өтетін фестивальда өнер көрсету жоспарда бар.

Геннадий Брюханов, эстрада және джаз музыкасы оркестрінің көркемдік жетекшісі :
– Әрқашан шығармашылық ізденістеміз. Тыңдаушымызды куантарлық туындылар іздейміз. Біраз жоспарларымыз бар. Жеке орындаушыларымыз өнер көрсетіп жүр.


Музыканттар көрерменіне мерекелік көңіл-күй сыйлап, уақыт өтсе де мәні мен маңызын жоғалтпайтын хас өнерден шашу шашып, зал толы көрерменнің көңілінен шыға білді.